Украинаның Мариуполь қаласы үшін бірнеше айлап сұрапыл соғыс жүргізілгені белгілі. Қала халқы тоз-тозы шығып босып кетті. Тұрғындардың біразын қауіпсіз жерге алып шыққанымен, бәрін бірдей көшіріп әкетуге қарсы жақтың әскері мүмкіндік берген жоқ. Көп бейбіт тұрғын қаза болды. Әскер барын салып қорғады. Донецк облысының аумағында болған бұл қала жермен жексен етілді, орны Ресей әскерінің бақылауында қалды. Төрт-бес айдан бері Ресейдің құрылыс компаниялары адам жинап, Мариупольдің қираған үйлері мен ғимараттарын қалпына келтіруді бастаған. Кезінде біз Мариупольге Ресейдегі мигрант тәжіктерді апарып жұмысқа салып жатқаны жайлы айттық. Ал енді Мариупольдегі құрылыс жұмысына Қазақстаннан да адам жинау әрекеті басталған сыңайлы. 14-желтоқсанда біздің еліміздің оншақты адамы Мариупольге қарай бет алды деген хабар тарады.