Бұрын Ұлттық экономика министрі болған, сыбайлас жемқорлық бабымен сотталған Қуандық Бишімбаевтың өз әйелін өлтірді деген күдікке іліккені түрткі болған болуы керек, Президент құқық қорғау органдарының басшыларымен кездесті. Онда ел ішіндегі құқықтық жағдай сөз болды.
Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, президент Ішкі істер министрі Ержан Сәденовпен, Бас прокурор Берік Асыловпен, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен, сондай-ақ басқа да салалық ведомстволардың басшыларымен кездесіп, консультациялар өткізді. Хабарламада айтылғанындай, Мемлекет басшысы заңның сақталуына, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға қатысты мәселелерге баса мән берген. Қасым-Жомарт Тоқаев заң мен тәртіп қоғамның идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс екеніне тоқталды. Оның пікірінше, осы күнгі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.