Көршілес елдердің басшыларының ары-бері жүрістері көбейіп жатыр. Жақында ғана Беларусь президенті Александр Лукашенко Қытайға барды. Негізінен, Беларусь басшысы Кремльдің шылауына шырмалып, көптен бері сырт елдермен қарым-қатынасты ойдағыдай жүргізе алмай келген. Ол елге де Батыс пен АҚШ-тың санкциясы салынған. Әйтеуір ретін тауып, Қытайға үш күндік жұмыс сапарына шығып қайтты. Сарапшылардың көбі Лукашенко Қытайға қолдау іздеп барғанын айтады. Беларусь қазір геосаяси да, экономикалық та қолдауға зәру болса керек. Ресей бұрынғыдай қаржыландыруды шектеген. Қазір Беларусь Қытайға шикізат экспорттын асырғысы келеді. Мысалы, Беларусь өндіретін құрамы калиймен құнарландырылған тыңайтқышты алуға Қытай қарсы емес. Беларусь өзіне Кремльдің ықпалын бәсеңдетсем дейді. Ал бұл мәселеде Қытайдың қолдауы маңызды. Қытайдан кейін Александр Лукашенко Зимбабвеге, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Иранға сапарлады.