Биыл да микро және шағын бизнеске салықтық жеңілдік беріледі. Үкімет 2026 жылдың соңына дейін шағын кәсіпкерлердің мерзімі өтіп кеткен салықтарына өсімпұл есептемеу туралы шешім қабылдады. Бұл алғаш рет қабылданып отырған шара емес. Бірақ экономикалық ахуал күрделеніп тұрған қазіргі кезеңде оның маңызы бұрынғыдан да артып отыр. Себебі соңғы жылдары шағын бизнеске түсетін қысым көбейді. Коммуналдық тарифтер қымбаттады, логистика шығыны өсті, жалдау ақысы артты, ал халықтың сатып алу қабілеті баяулап барады. Осындай жағдайда мемлекет бір сәт бизнесті жазалаудан бұрын, «аяқтан тік тұрып кетуіне мүмкіндік беруді» таңдағандай.