Қылмысты жасап, шекарадан көрші елге өтіп кетіп, түк болмағандай жүре беремін дейтіндер қатты қателеседі. Өйткені мемлекеттер арасында қылмыскерлерді бірге құрықтау туралы келісім бар. Шекара асып тайраңдап жүрген қылмыскерлер ертелі-кеш ақыры ұсталып жатады.
Міне, сондай мақсатпен біздің Ішкі істер министрлігіміз ТМД елдеріндегі әріптестерімен бірлескен екі күндік «Іздестіру» операциясын жүргізген екен. Сол аралықта криминалдық полиция қызметкерлері Қазақстанда ауыр және аса ауыр қылмыс жасап, осы күні шет елдерде бой тасалап жүрген немесе шет елдегі қылмысының ізін суыту үшін біздің елімізде жасырынып жүрген 283 адамды құрықтады. Олардың кейбірі жылдар бойы ұстатпай жүрген екен.