Апат айтып келмейді. Табиғаттың кешегі көрсеткен тосын мінезінен халық іш тарта қорқып қалды. Ойламаған, күтпеген жерден түн ішінде үйлер теңселіп, жиһаз қозғалып кетуі оңай нәрсе емес. Жүрегі нашар адам ондайда қатты шошып, үзіліп кетуі де ғажап емес. Қытайдан бастау алған зілзаланың тербелісін Қазақстанның бірнеше аймағы да сезді. Әсіресе Алматы қаласында қаттырақ сезілді. Мұнда жер сілкінісінің күші 5 баллға жетті. Адамдардың бәрі көшеге шығып кетті. Қаңтардың 22-сінен 23-іне қараған түнді Алматының тұрғындары қатты алаңдаумен өткізді. Әсіресе көпқабатты үйлердің тұрғындарының уайымы зор болды. Жұрттың бәрі түнімен көшеде болды немесе арнайы босатылған қауіпсіз ғимараттарды паналады. Абырой болғанда қаза болғандар мен қираған ғимараттар жоқ. Алматылықтардың күйін Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиясының, Қырғызстанның, Өзбекстанның халқы да кешті. Ол жақтарда да жер сілкініп, халық түнді алаңдаумен өткізді.