Егемендікке қолы жетпей жүрген халықтың бірі – татарлар. Ресейдің ішіндегі аумақтардың бірі болып келген Татарстан жұрты 1992 жылы дербес мемлекет болу туралы жалпыхалықтық референдум өткізген еді. Оған тұрғындардың 81,7 пайызы қатысып дауыс берген. Егемен ел болуды қалап дауыс бергендер 64 пайыз болған. Бірақ бұл әрекеттен түк те шыққан жоқ. Себебі референдум қорытындысы мен татар халқының қалауын Мәскеу қаперге де алған жоқ, оған мән де бермеді. Бірақ татарлар сол кезде өткізілген референдумның қорытындысы әлі күшінде деп есептейді. Бұл біз үшін әлемнің кез-келген мемлекетінен Татарстанның тәуелсіздігін тануды сұраумызға құқық береді дейді олар. Татарлар тәуелсіз ел болу туралы референдумды тағы да өткізуге дайын. Қуғын-сүргінде сыртта жүрген татар саясаткерлерінің пікірінше, бай Татарстанның игілігін Мәскеу көріп отыр. Жыл сайын Татарстаннан Мәскеуге 870 миллиард рубль кетіп отыратын көрінеді. Ал Орал, Сібір және Кавказ татарлары бірігіп, біртұтас тәуелсіз ел болсақ дейді.