Сауданың мемлекеттік сатып алу тәсілі сыбайлас жемқорлықтың ұясы деген пікір қалыптасқаны жасырын емес. Шенеуніктердің болашақ мердігерлермен астыртын мәміле жасауы, сөйтіп кесімді «ставка» алып қалуы етек алған кезең де болды деп жатады. Ал бүгінде интернет-порталдағы мемлекеттік сатып алу барысы күн сайын мұқият қадағаланатын көрінеді. Тендер атаулының бәрін алақандағыдай көріп отыратын «Сатып алулардың бірыңғай терезесі» деген ақпараттық жүйе енгізілген. Тендердің барысын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мамандары сағат сайын қарап, мониторинг жүргізіп отырады. Арасында ақылға қонымсыз сауда да кезігіп жатады екен. Ондай суданы дер кезінде қайта есептеуге қайтарады немесе тоқтатып тастайды. Әрине, ондай тендерді өткізушіден түсініктеме алынады. Көбіне аңдамай қалыппыз, цифрдан қате кетіпті деген сыңайдағы жауаппен құтылып кетіп жатады екен. Ал қадағалаусыз өтіп кетсе бір тендердің өзі мемлекет қазынасының ондаған, жүздеген миллион теңгесін желге ұшырып жіберері сөзсіз. Тендер жабылып кеткеннен кейін жоқ жерден пайда болған мол қаржы бөліске түсе ме, кім білсін. Қадағалаудың арқасында ай сайын мемлекеттің миллиардтаған қаржысы сақталып отырады.