Кез-келген сырттан келген адам ғимараттардың және тұрғын үйлердің әсемдігіне, мықтылығы мен қауіпсіздігіне назар ударады. Соған қарап елдің әлеуетіне баға береді, мәдениеті мен әлеуметтік саясатының деңгейін шамалайды. Сондықтан қалаларымыздың көркі елді жарнамалаудың бірінші кезектегі құралы болса керек.
Рас, қалаларымызда әсем ғимараттар мен тұрғын үйлер салынып жатыр. Бірақ халықтың бәрін бірдей жаңа баспанамен бірден қамтамасыз ету мүмкін емес. Қалаларда жаңа үйлерден гөрі ескі үйлер әлі де көп. Жалпы есеп бойынша бүкіл ел аумағындағы тұрғын үйлердің 30 пайызының салынғанына 60 жылдай болыпты. Бас-аяғы 746,9 мың ғимарат болатын мұндай тұрғын үйлер 1970 жылға дейін салынған.