Ауыр қылмыс жасап, түрмеде жаза өтеп отырған адамдарды соғысқа салу Ресейден өзге ешбір елде болмаса керек. Алғашқы кезеңде алты айға келісім-шартқа отырғызып, осы мерзімнен кейін толық ақтап шығарамыз деп қызықтырған. Көбіне ұзақ мерзімге сотталған ауыр қылмыс жасағандар, кісі өлтіргендер келісім-шартқа отырған. Түрмедегілерді соғысқа тарту 2022 жылдың жазында басталды. Оны жүзеге асырған «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин әуе апатынан қаза болғаннан соң, яғни 2023 жылдың тамызынан кейін түрмедегілерді соғысқа алу тоқтаған жоқ. Бұл істі Қорғаныс министрлігі жалғастырып келеді.