Ұшақта ит-мысықпен бірге ұшуға қалай қарайсыз? Көлік министрлігі әуе көлігімен жолаушы тасымалдау қағидаларын қайта қарап жатыр. Егер ұсынылған өзгерістер күшіне енсе, елімізде алғаш рет үй жануарларын ұшақ салонында тасымалдаудың бірыңғай тәртібі енгізіледі. Яғни, бүгінге дейін әр әуе компаниясы өз бетінше шешіп келген мәселе енді ортақ ережемен реттелмек. Бұл министрлік ұсынып отырған бірнеше маңызды өзгерістің бірі ғана. Құжатта жолаушылардың құқығын қорғаудан бастап, рейске отырғызу тәртібіне дейінгі бірқатар жаңашылдық қарастырылған. Бірақ бұл өзгерістер шынымен жолаушының мәселесін шеше ме?