Бүгінде әлемдегі жалпы көңіл-күй шат-шадыман деуге келмейді. Оған себеп те көп. Басты себеп – геосаясаттың тұрақсыздығы. Украинадағы және Таяу Шығыстағы текетірестердің өзі бүкіл әлемнің жүйкесін жұқартып тұр. Жүйкесі жұқарып жүрген халықтардың қатарында қазақ та бар. Өйткені бізге көрші Ресей тарапынан күш қолдану жолымен қысым жасалу ықтималдығы жоқ емес, бар деп жатады. Оны жоққа шығару ақымақтық болар еді. Ресей саясаткерлерінің біздің ауламызға қарап ауық-ауық үріп тұруының өзі ықтимал қысым жасауға қаланып жатқан негіз бе, кім білсін. Кезінде Украинаға да үре-үре ақыры кезі келді де әскер кіргізді. Беті аулақ, бұл заманда бәрін де күтуге болады.