Аяз қысып берердің алдында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр елде ірі коммуналды апат болмайтынын айтып уәде берді. Ірі апат болмайтынын ол журналистермен өткізілген брифингте мәлімдеді. «Шағын аудандарда, қалаларда жылумен қамтамасыз ететін қазандықта ірі апаттар болмайды деп сендіре аламын. Мәселені бақылауда ұстап отырмыз. Жылулықтың бәрі қыс мезгіліне дайындыққа сай қалыпты жұмыс істеп жатыр», – деді ол.
Роман Склярдың айтуынша, апаттар немесе технологиялық ақаулар желілерде болуы мүмкін, себебі бұл проблемалар ондаған жылдар бойы қордаланып қалған. Премьер-министрдің орынбасары бұл мәселелерді 1-2 жылда шешу мүмкін еместігін айтады. «Бюджет, тариф мүмкіндіктері шектелген. Бірақ коммуналдық қызметтер мемлекеттік органдардың қолдауымен ондай апаттарды белгіленген мерзімде жоюға мүмкіндік береді», – дейді ол.