Халыққа зейнетақы қорындағы қаражаттың 50%-ын беру керек

6271

Қордағы ақшаны инфляция жеп қояды. 

Халыққа зейнетақы қорындағы қаражаттың 50%-ын беру керек

Зейнетақы жинағындағы ақшаны зейнетке шықпай алу мүмкіндігі қарастырылатыны туралы Президенттің мәлімдемесі жұртшылықты елең еткізгені шындық.

Зейнетке шықпай тұрып, зейнетақы жинағындағы ақшаны алған дұрыс деп ойлаймын. Бұл бастаманы бұған дейін қолдағанмын, қазір де қолдаймын. Шетел азаматтары зейнетақы қорындағы қаражатын жеке мақсатта, инвестициялық бағытта қолданады. Бізде бұлай емес, неге? Зейнет жасына жеткенде зейнетақы қорындағы ақшаны инфляция жеп қояды. Осының алдын алу үшін зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалануға рұқсат беру керек.

Мысалы, Малайзияда қажылыққа барғысы келген адамды зейнетақы қоры толығымен қаржыландырады. Яғни кез келген адам Меккеге зейнетақы қорындағы ақшамен барып келе алады. Сингапурда зейнетақы қорындағы ақшаға үй алу мүмкіндігі берілген. Президент бізге осы нұсқаны ұсынып отыр. "Зейнет ануитеті" деген ұғым бар. Соған сәйкес зейнетақы қорында жеткілікті көлемде қаражат жиналған болса, кез келген адам зейнет жасын күтпей, зейнетке шыға алады. Бұған қоса бұл адам зейнет ануитеті арқылы есепшотындағы қаржысын сақтандыру қорына аударып, ай сайын қомақы көлемде пайыздық мөлшерлеме алу мүмкіндігіне ие болады.

Есепшотта ақша болуы тиіс. Өткен жылы зейнетақы қорындағы есепшотта 9-11 млн теңгеден астам ақша жинау қажет еді. Жақында бұл талап әйелдерге де, ер адамдарға да 8 млн теңге деп бекітілді. Менің бір танысым осы мүмкіндікті пайдаланып, баласының Британиядағы оқуын төледі. Бұл – жақсы мүмкіндік. Дегенмен көп адам 8 млн жинап үлгермейді. Көрсетілген соманы жинау үшін жалақы өте жоғары болуы керек. Ел азаматтары 10 жыл жұмыс істесе, шамамен 3-4 млн жинайды. Осы соманың тең жартысын неге баспана алуға жұмсамасқа?! Бұған дейін мемлекет "7-20-25" бағдарламасын іске қосты. Жасыратыны жоқ, оған қатысқан азаматтардың саны көңіл көншітіп отырған жоқ.

Мұның 2 негізгі себебі бар. Біріншіден, азаматтардың басым бөлігінде несие бар. Сондықтан олар "7-20-25" бағдарламасына қатыса алмайды. Екіншіден, халықтың басым бөлігінде екінші деңгейлі банкке алғашқы жарна ретінде ұсынатын 20% ақша жоқ. Осының салдарынан халық пайыздық мөлшерлемесі төмен несиені рәсімдей алмай отыр. Егер зейнетақы қорынан кәсіпке, білімге, инвестицияға, баспана алуға қажетті ақша алуға мүмкіндік берілетін болса, азаматтар зейнетақы қорына депозит сияқты мұқият қарайтын болады.

Ақшаның барлығын алуға рұқсат берілмеуі керек. Рұқсат берілсе, зейнетке шыққан кезде: "Өздерің рұқсат бердіңдер, ақшамызды жұмсап қойдық" деп үкіметті кінәлаймыз ғой. Шотта ақша тұруы тиіс. Зейнетақы қорындағы жинақтың 50%-ын алуға рұқсат беру керек. Сонда азаматтар зейнетақы қорына ақша аударуға мүдделі болады. Қаражатты тиісінше жинақтап, тапқан табысының 10%-ын емес,15-20%-ын аударуға талпынады. Себебі ол қалаған уақытында зейнетақы қорынан ақша ала алатынына сенімді болады.

Зейнетақы қорындағы жинақ сомасын 8 млн теңгеден 5 млн теңгеге азайту керек. Осылай болғанда ынталы топтың қарасы көбейеді. Нәтижесінде зейнетақы жинағын 5 млн теңгеге жеткізген адам зейнет ануитеті арқылы жинаған қаржысын жеке басының пайдасына жаратады. Зейнетақы жинағын зейнетақы қорына қатысушыларға үлестіру арқылы сақтандыру қорының нарығын дамытуға болады.

Зейнетақы жинағын сақтандыру қорына салуға болады. Сақтандыру қоры қаржыны айналдырып, көбейтеді. Ал салымшыға, яғни инвесторға тапқан табысынан төлем төлейді. Шетелдегі сақтандыру компаниялары осылай жұмыс істейді. Көбінесе шетелдік зейнеткерлер сақтандыру қорынан түскен табысқа әлем аралайды. Бізге де осындай дәрежеге жету керек.

Зейнетақы қорындағы қаржыны алу жолдары қарастырылуда. Бұл істі жүзеге асыру механизмін ойлап табу Ұлттық банкке жүктелді. Қаржы реттеушісі мәселені шешу үшін жаңа жылға дейін уақыт сұрады. Менімше, Ұлттық банк бұл мәселені өзі ғана шешпеуі керек. Зейнетақы жинағы қарапайым халықтың ақшасы болғандықтан, үкіметпен, сарапшылармен ақылдасуы тиіс.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу