Еліміздегі көптеген электр стансалары электр энергиясының бағасын жоғарылатуға әсер еткен негізсіз тарифтер бойынша ұзақ уақыт жұмыс істегені анықталды. Бұл туралы бас прокуратураның алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Энергия беруші және жабдықтаушы ұйымдар тарифтерді көтеру арқылы 29 млрд теңге мөлшерінде пайда тапқан. Мәселен, "Астанаэнергосбыт" тарифті қалыптастыру кезінде электр энергиясын 11,8 теңгеден сатып алатынын көрсеткен, іс жүзінде 2 есе арзанға сатып алған. Нәтижесінде елорда тұрғындарынан 2,6 млрд теңгеге артық қаржы алынған.
Осындай жолмен Атырау, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жабдықтаушылар да әрекет етіп, 1 млрд теңге көлемінде заңсыз пайда тапқан.
Монополистер прокурорлық шаралардың нәтижесінде 5 млн тұтынушыға 13 млрд теңгеге жуық шығынды өтеді. 14 өңірде электр қуаты мен жылудың бағасы төмендетілді.
Оған дейін Қапшағай қаласында бір бөлмелі пәтерді жылыту үшін шамамен 9,5 мың теңге төленсе, қабылданған шаралардан кейін ақысы 4,5 есеге төмендеп, 2,2 мың теңгені құрады.
Тұрғындарға жылу есептейтін құралдарды орнату кезінде мемлекеттік қаражат тиімсіз жұмсалған.
Мәселен, Қарағанды облысы Саран қаласында орталықтандырылған жылудың жоқтығына қарамастан, 2015 жылы 215 млн теңгеге 274 жылу есептеуіш құралы орнатылған. Бұл әрекет бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Тексеру нәтижесінде жалпы 15 лауазымды тұлға жіберген олқылықтар үшін жазаға тартылды, монополистерге 159 млн теңге айыппұл салынды, 10 қылмыстық іс қозғалды.
"Энергия қорының елеулі бөлігінің қолдарыңызда болуы сіздерге тұтынушылардың мүдделеріне назар аудармау құқығын бермейді. Прокуратура органдары құқық қорғау функциясын ескере келе, тарифтерді белгілеу мәселелерін жүйелі түрде бақылайды", - деп сөзін түйіндеді бас прокурор Қайрат Қожамжаров.