"University Medical Center" корпоративтік қоры Виктория Мининаның өліміне қатысты түсініктеме берді

960

"University Medical Center" корпоративтік қоры Виктория Мининаның өліміне қатысты түсініктеме берді

"University Medical Center" корпоративтік қорының PR-менеджері Данияр Меңлібеков жыныстық зорлық көрген ақтаулық 6 жасар Виктория Мининаның өліміне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Бұған дейін де сан мәрте хабарланғандай, Қазақстанда балаларды аппараттан ажыратуға рұқсат жоқ. Тиісінше, оның ағзасы үш ай бойы аппаратпен жұмыс істеп тұрды. Ақыры, дәрігерлердің тілімен айтқанда, кеше кешке сағат 17.20-да толық декомпенсация болды. Яғни, оның ағзасы аппараттың қолдауымен де жұмыс істеуін тоқтатып, биологиялық өлім тіркелді. Ал осыдан бір ай бұрын бас миы өлгені туралы клиникалық қорытынды жасалғаны белгілі", –  деді Меңлібеков.

Еске сала кетейік, 20 тамызда Ақтауда алты жасар қыз жоғалып кеткен болатын. Бірнеше сағаттан кейін полицейлер баланы өндірістік аймақ ауданынан тапқан еді. Денесінде көптеген жарақаты болған кішкентай қыздың зорланғандығын дәрігерлер анықтаған. Осыдан кейін ҚР ҚК 120-бабымен қылмыстық іс қозғалды. 27 тамызда алты жасар қыз Маңғыстау облыстық балалар ауруханасынан санавиациямен Астанаға жеткізілді. 

6 қыркүйекте Ақтау полицейлері кішкентай қызды зорлауға қатысты күдіктіні ұстады. Ол өз кінәсін мойындады. Тергеу барысында  оның қызды зорлағанын генетикалық сараптама да растағандығы айтылды. Бүлдіршін қыз Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының балалар анестезиологиясы және жан сақтау бөлімінде жатты. Невролог, балалар гинекологы, пульмонолог, окулист, нефролог, эндокринолог, хирург сияқты бейінді мамандардың қатысуымен бірнеше мәрте консультация ұйымдастырылды. Сонымен қатар, телемедицина арқылы Кембридж университеті (Ұлыбритания) және Вена университетінің (Аустрия) профессорларымен кеңес өткізілген еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу