Қазақстанда терең өңделген алюминий тапшы

2021

Шикізаты шаш етектен, таза өнімін сырттан аламыз.

Қазақстанда терең өңделген алюминий тапшы

Қазақстан алюминий өндіретін боксит қоры жөнінен әлемде 12-орынды алады. Жылына 365 млн тонна шикізат өндіріледі. Сөйте тұрып, өндіріске қажет алюминий өнімдерін сырттан алып отыр. 

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметі бойынша, 2020 жылғы қаңтар-қазан аралығында 32,4 млн доллардың алюминий қаптамалары импортталған екен. Электр тасымалына пайдаланылатын қарапайым алюминий сымының өзін шетелден аламыз. Былтыр  20,2 млн доллардың  сымы, 18 млн алюминий конструкциялары сырттан алынды. 

Сауда және  интеграция министрлігінің мамандары мұның жалғыз себебі ел ішінде алюминий шикізатын терең өңдейтін  өндіріс орындарының аздығынан деп отыр. 

"Еліміздегі бастапқы алюминийдің жалғыз өндірушісі –  "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ. Кәсіпорын дерегіне сүйенсек, 2019 жылы кәсіпорында 263 мың тоннадан астам бастапқы алюминий өндірілген. Өнімнің 90%-ға жуығы экспортқа кетеді. Негізгі сатып алушылар – Түркия, Греция, Өзбекстан және Грузия. Бұл ретте, ҚЭЗ маңызды өндірістік кезеңді еңсерді – іске қосылған сәттен бастап 2,5 млн. тоннадан астам бастапқы алюминий өндірді", - деп жазады ведомствоның ресми сайты.

Бұдан шығатын қорытынды, өзіміз таза шикізат ретінде сыртқа сатқан алюминиді қайтадан өңделген өнім ретінде бірнеше есе қымбат бағаға сатып алып отырмыз деген сөз. 

Министрлік мамандары алюминиді терең өңдейтін өндірісті жолға қою шығын мен уақыт талап еткенімен, қазіргі қажеттілікті ескеріп, нақты жобаларды қолға алу керек деген пайым айтып отыр. Машинажасау саласын келесі деңгейге көтеру үшін де алюминидің терең өндірісі өзімізде болғаны маңызды көрінеді.Қазір трендке айналған IT салада, электромобиль өндірісінде және жасыл технологияларда терең өңделген алюминий өте көп қолданылады.

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу