1 миллиард теңге желге ұшты

517

Аймақта 24 нысан заңсыз деп танылған. Оның 12-і сотта қаралып жатса, 1-не сүру туралы шешімі шықты. 

1 миллиард теңге желге ұшты

Маңғыстау облысында тағы да заңсыз құрылыстың құрбаны болғандар шу шығарды. Осыдан 2 жыл бұрын жүздеген адам миллиондаған қаражатын құрылыс компаниясына салған. Алайда, осы күнге дейін "Сұлтан" атты сарайдың тек қабырғалары тұрғызылған. Уәдені үйіп төккен мердігер болса, серіктестікті сатып жібергені анықталды. Халықтан жиналған 1 млрд теңгеден аса қаражат қайда кетті? 

"Бизнес" санатына жататын бұл тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылы басталған. Жаңа пәтер алуға ниеттенгендер бар қаражатын мердігерге төлеп, үлескер атанған. Бірақ, құрылыс бастапқы кезеңде тұрып қалған. Содан міне 2 жыл өтті, еш қимыл жоқ. 

"Инстаграмда, барлық жерде бұлардың жарнамасы күшті болды. Біз барлығын саламыз деді. "Бизнес" классты үй, сосын бағасы да тиімді болғасын біз соған алданып салдық. Қазір енді бізде 100-ден аса салымшы бар. Барлығы 1 млрд-тан астам ақша құйған", - дейді үлескер Дана Серік.

Қолындағы қаражатын компанияға салған үлескерлер енді пәтер жалдап жүр. Қарызға батқаны сонша амалсыз несие алғандар да бар. Ал жауапты компания бірнеше жыл уәде берумен келген. Алайда, биыл белгісіз себеппен серіктестікті сатып жіберген. Енді, шарасыз қалған салымшылар жергілікті биліктен көмек сұрауға мәжбүр. 

Осы компания 3-4 объект тапсырған негізі. Сол объекттерді жақсы тапсырған. Соған сеніп келдік осы компанияға. Енді 2 жылдан кетті ғой. Тұр солай. Компанияны сатып жіберген. Директорлары ауысқан. Барып сұраймыз қашан бастайсыңдар деп. Нақты жауап жоқ", - деді үлескер Қуаныш Назарханов.

200 пәтерге деп есептелген бұл баспананың тұрғын жері де заңсыз. Өйткені, бұл жерге көпқабатты үй салуға тыйым салынған. Мердігерлер жергілікті әкімдіктің бірнеше ескертуіне құлақ аспаған. Салдарынан құжаты рәсімделмей құрылысы басталған көпқабатты үй алдағы уақытта сүрілу мүмкін. Президенттің айтқан мараторийын желеу еткен кәсіпкерлер енді сот алдында жауап береді. 

"Сонымен қатар, жердің нысаналы мақсатынада сұрақ туындап тұр. Ол жер коммерциялық тұрғыда тұр. Яғни, тұрғын үй салуға болмайды. Осы бағытта біз оны заңсыз құрылыс, яғни өз бетінше салынған құрылыс деп танып ҚР Азаматтық кодексіне сай, 244-бабымен сотқа бұл нысанды бұзу туралы талап арыз жолдадық", - дейді Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали.

Не болса да мәселенің нүктесін сот шешімі қояды. Ал, үлескерлер болса пәтер де, кеткен қаражатта қайтарылмай қала ма деп алаңдайды. Айта кету керек, аймақта 24 нысан заңсыз деп танылған. Оның 12-і сотта қаралып жатса, 1-не сүру туралы шешімі шықты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу