10 тамыз – "Абай күні"

999

2020 жылдың 4 тамызында Үкіметтің арнайы қаулысы шығып, "Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі "Абай күні – 10 тамыз" деген тармақпен толықтырылған болатын. 

10 тамыз – "Абай күні"

Былтырдан бері 10 тамыз "Абай күні" деген атпен мерекелік дата ретінде аталып өтіп жүр, - деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап inbusiness.kz. ХХ ғасырдың басындағы қазақ пассионарлығы өз бастауын Абай ілімінен алған дейтін тұжырым бар. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұлт көшбасшыларының Абайға арнап мақала жазып, оның ағартушылық күресін өздеріне үлгі тұтуы сол тұжырымының шындықтан алыс емес екенін көрсетеді. ХХ ғасырдың басындағы қазақтың оянуы Абай мұрасымен сусындағанын осыдан көруге болады. Сол ғасырдың екінші жартысында ұлттың тарихи жадын жаңғыртқан жазба әдебиет те Абай тақырыбын айналып өткен жоқ. Мұхтар Әуезов алаш арыстарының үзілген жолын басқа сүрлеумен жалғап, бүгінге жеткізген өткел бола білді. Тәуелсіз Қазақстанның советтік идеологиядан сілкініп оянуы да Абайсыз өтпеді.

Төл теңгеміздің алғашқы нұсқасына ұлы ақынның бейнесі басылып, 1995 жылы ойшылдың 150 жылдығына арналған тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды той өтті.  Ақынның азан шақырып қойған аты – Ибраһим. 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Қарауыл ауылында дүниеге келген. Ақылының толысып, абыройының кемеліне келген шағында Абай билікке араласып, 1875-78 жылдар аралығында болыстық құрғаны тарихтан белгілі. Артында, жүздеген өлеңі мен ондаған әні, поэмалары мен 50-ге жуық "қара сөзі" қалды. Орыс әдебиетінен Пушкин мен Крыловты, Батыс әдебиетінен Гете мен Байронды аударды. "Масғұт", "Ескендір" поэмаларын оқыған адам ақынның Шығыс әдебиетінің жауһарларымен етене таныс болғанына көз жеткізеді. Батыс пен Шығыс әдебиетін тел еміп, одан алған азығымен қазақ әдебиетін байытқан ойшылды ұлт руханиятының реформаторына теңейтіндер бар. Былтырғы 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай Құнанбайұлының шығармалары француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай, түрік, жапон, неміс, италия, грузин, иврит, қырғыз, малай, монғол, нидерланд, португал, украин, өзбек, хинди тілдеріне аударылып, жеке-жеке кітап болып шықты. Республика бойынша 31 елді мекен, 1300-ге жуық көше мен даңғыл, 100-ден аса білім мекесмесі ойшыл ақынның есімімен аталады.

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу