Жайылым жер былай тұрсын, жер көктеуін қойған. Малға қара жерден қорек шықпаған соң, 2 жылда 300-ге жуық ірі қара қырылған. Ал ел егін егіп, шабындықтан шөп шабуды тіптен ұмытыпты.
Даудың басы Талас өзенімен байланысты. Төменгі ағыстағы Сарысу ауданы суға сусап отырғанда, өзенді жағалай жайғасқан өзге ауданда су арнасынан асып-тасып тұр дейді бұқара. Көпшілік қолдан жасалған қолбайлау деп күдіктенеді. Ендігі талап біреу. Таластың суын теңдей бөлу.
Шаруалар Таластың суына таласып біттік дейді. Кезінде сарқырап аққан өзен, қазір сыздықтап әрең тамады. Енді келіп, су қос аудан арасында нағыз саясатқа айналып тұр дейді.
Жұрттың сөзінше, төрт түлік ішіп-жемге тоймаған соң, түрлі ауру тарауда.
Әлеумет ауылда жүріп, жем-шөптің өзін сырттан тасып әлек. Жангелді Қуатбеков Көкдала ауылына көшіп келгелі көп болмапты. Әу баста 200-дей сиырынан, қазір 53-і қырылды деп қапалы. Төрт түлігімен енді 35 шақырым шалғайдағы құмға көшкен.
Судан тарыққан Сарысулық ауылдар көрші ауданға кіріптар болдық дейді. Су жоқ емес бар, бірақ егесі жоқ деп налиды.
Сарысу ауданының әкімдігі болса, мал өлімі су тапшылығынан деу негізсіз екендігін айтады. Тіпті ахуал тұрақты көрінеді. Судан тарықпаудың амалы ретінде енді Талас ауданымен бірігіп, өзен арнасын кеңейтпек екен. Жұмыстар келер жылы басталмақ.
"Сонымен қатар Талас өзені бойындағы Ойық су торабынан кейінгі орналасқан су реттегіш құралдарды Сарысу ауданына дейінгі орналасқан "ҚазСуШар" республикалық мемлекеттік кәсіпорынына Жамбыл филиалы теңгеріміне беру бойынша құжаттар дайындалуда", дейді Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Аманов.
Шаруалар шағым шешілмесе, ауылдарды тастап, үдере көшуден басқа амал қалмады деп отыр. Тіпті болмаса, базына арқалап, бас қалаға бармақ. Айта кетейік, бір ғана Досбол ауылында қазір 19 шаруа қожалығы бар.
Нұрлан Асқар