18 мыңнан астам тұрғын үй жөндеуді талап етеді

1253

Сенатта тұрғын үй-коммуналдық бағдарламасын жаңғыртуды көздейтін заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

18 мыңнан астам тұрғын үй жөндеуді талап етеді

Сенат отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев "Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық  мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар  енгізу туралы" заң жобасын таныстырды. 

Ведомство басшысының айтуынша, құжат келесі мәселелерді шешуге бағытталған.

Бірінші, "Бір үй, бір бірлестік, бір шот" қағидаты бойынша "Мүлік иелері бірлестігі" атты  коммерциялық емес жаңа нысан құрылмақ.  Пәтер иелері мұндай бірлестік құрғысы келмесе, барлығы бірге тұрғын үйді тікелей бөлісетін қарапайым серіктестік құруы керек.  Мұндағы негізгі мақсат – әрбір үйдің шаруашылығын басқаратын жеке-жеке бірлестік құру.

Екіншіден, мүлік иелері бірлестігінің қарамағында екі шот болады. Оның бірі ағымдық шот болса, екіншісі – жинақтық шот.  Бұл тұрғындардан жиналған ақшаның қайда кетіп жатқанын көпшілік болып бақылап отыруға мүмкіндік беруі керек. Бірлестікті басқаратын компанияны тұрғындар дауыс беру арқылы таңдай алады. 

Ортақ мүлікке күрделі жөндеу жүргізу тетіктері де өзгермек. Заң жобасында мүлік иелері бірлестігі арқылы тұрғындардан ақша жинап қана қоймай, жеңілдетілген қарыз алу мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл жұмысқа әкімдіктер де атсалыса алады. Тұрғындардың өтініші бойынша әкімдіктер аталған үйді жөндеу қажеттігі туралы шешім шығаруы керек. Жөндеу жұмыстарының жобалық сметасын түзіп, техникалық  тексеру және энергия аудитін жүргізеді.

"Ашықтықты қалыптастыру үшін тұрғын үй-коммуналдық қатынастарын цифрландыру көзделіп отыр. Яғни бірыңғай ақпараттық жүйе құрылатын болады. Оған пәтер иелері мобильді жүктеме арқылы ене алады", – деді Қайырбек Өскенбаев.

Заңнамаға аталмыш өзгертулер енгізілсе, әр кооператив мүшесінің саны аталмыш үйдегі пәтер санынан аспайтын болады. Тұрғын үй инспекциясының мамандарына мемлекеттік инспектор мәртебесі беріледі. Тұрғын үйлерге тартылған газ құбырлары мен өзге инфрақұрылымдардың қауіпсіздігін солар қадағалайтын болады.

"Үйлердің қасбеті мен шатырларын қаланың сәулеттік кескініне сәйкестендіру үшін жергілікті бюджеттен жөндеу қарастырылған. Өйткені бұл қарапайым тұрғындар үшін өте қымбат. Жеделсатыларды ауыстыруға мемлекет қарыз бере алады. Оны кейін тұрғындардан меншік иелері бірлестігі жинап береді", – деді министірдің міндетін атқарушы.

Сенаторлар тарапынан заңдағы  өзгерістердің бірнеше тұсына қатысты ұсыныстар мен ескертулер айтылды.

Соңғы кезде жеделсатымен жүрудің қауіпке айналғаны, заң жобасындағы техникалық тексеру мен энергия аудитін жүргізу шараларына бюджетте қаржы қарастырылмағаны, саладағы жаңа ережелер коммуналдық төлемдерді көбейтіп жіберуі мүмкін екендігі қозғалды.

"Біздің санақ бойынша 24 мыңнан астам жеделсаты бар.  Оның 20 мыңға жуығы адам тасымалдауға арналған.  Оның ішінде 4400 лифті ауыстыру керек. 3600 лифтке күрделі жөндеу жасау қажет.  Оған шамамен 40 млрд теңге керек. Нұр-Сұлтан қаласында бұл мәселені пәтер иелерінің есебінен шешу жолын сынағанбыз. Өте қымбат болғандықтан сәтті болмады. Енді 15 жылға қарыз алу арқылы жөндеу ұсынылып отыр. Қазақстан көлемінде 18120 көппәтерлі үйді күрделі жөндеу керек. Оған 6 млрд теңгеге жуық қаражат қажет. Соның жолдарын қарастырып жатырмыз", – дейді Қайырбек Өскенбаев.

Сенаторлар заң жобасына мүлік иелері бірлестігінің шотына жиналатын төлемдердің тізбесін нақтылай түсуді ұсынды. "Басқа да шығындар" атауымен алынатын төлем негізінде тұрғындардан жөнді-жөнсіз ақша алу мүмкін деген күдік те айтылды. Министрлік өкілі келесі оқылымға дейін төлемнің бұл түрін алып тастауға уәде берді.

Сенатор Айгүл Қапбарова  мүлік иелерінің бірлестігіне жарна жинау жүйесі жаңадан салынған үйлерге ғана қолданылса деген ұсыныс білдірді.

"Заң жобасындағы үй мүлкін күтіп ұстауға  және қызмет көрсетуге арналған жарналардың ең төменгі мөлшері  бір шаршы метр үшін 12  теңге болмақ.  Мысалы, 80 пәтерлі 5 қабаты стандартты үйді алсақ,  жыл сайынғы алым 514080 теңгені құрайды екен.  Мамандар осындай үйді күрделі жөндеудің өзіндік құны ғана 18 млн теңге болатынын айтып отыр.  Ол соманы мүлік иелерінің бірлестігі банктен қарызға алуы үшін тұрғындар тең жартысын жинауы керек.  Ол үшін 17 жыл уақыт керек екен. Сондықтан мұндай жарна жаңа салынған үйлер үшін ғана тиімді деп ойлаймын", – деді депутат.

Осы айтылған ұсыныстар мен ескертулерді екінші оқылымда пысықтау тапсырылды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу