19 талапкер білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу құқығынан айырылды

931

Былтыр білім және ғылым министрлігі Ұлттық бірыңғай тест аяқталғаннан кейін бақылау камераларынан бейнежазбаны қарау  ережесін енгізді.

19 талапкер білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу құқығынан айырылды

Бұл шара ҰБТ тапсырудың ашықтығын қамтамасыз етуді және тест нәтижесін бақылауды күшейту үшін қажет болды, деп хабарлайды inbusiness.kz министрліктің ресми өкілі Мөлдір Абдуалиеваға сілтеме жасап.

Оның сөзінше, өткен жылы ҰБТ аяқталғаннан кейін 152 талапкердің тест ережесін бұзғаны анықталып, нәтижесі жойылды. 91 талапкер мемлекеттік білім беру грантынан айырылды.

"Бақылаудың күшейтілуі нәтижесінде соңғы 3 жылда ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеті біршама азайды. 2019 жылы – 128 мың, 2020 жылы – 1 296 түлек ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысса, биыл 758 жағдай тіркелді", – деді ресми өкіл.

Мөлдір Абдуалиеваның айтуынша, ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері ең әуелі 100-ден жоғары балл жинаған талапкерлерге қатысты бейнежазбаны тексереді.
Өз кезегінде Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова биыл бейнежазбалардың бір бөлігін қарап шыққаннан кейін 19 талапкердің шпаргалка қолданғаны және ережені бұзғаны анықталғанын айтты.

"Осыған байланысты олардың нәтижесі жойылды. Біз түлектеріміздің тек өз біліміне үміт артуын қамтамасыз ету үшін осындай мұқият тексеру жүргізіп жатырмыз. Өйткені бүгін тест тапсырып, ережені бұзған талапкердің ертең полиция қызметкері, дәрігер, мұғалім немесе судья ретінде адал маман болатынына кепілдік жоқ. Сондықтан комиссия 19 талапкердің нәтижесін жою туралы шешім қабылдады. Енді олар білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатыса алмайды. Бірақ бұл жағдай балалар тарапынан болғандығын ескеріп, оларға жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқу мүмкіндігі беріледі. Жалпы, барлық түлектер ҰБТ-ны жылына бірнеше рет тапсыра алады. Бұл тестілеуге дайындалу барысында оқушылардың күйзелісін азайтады. Біз тағы да барлық талапкерлерді академиялық адалдыққа шақырамыз. ҰБТ-ның барынша ашық және адал өтуі үшін бұдан әрі де барлық жағдайды жасайтынымызды айтқым келеді. Бейнежазбаны тексеруді жалғастырамыз. Бұзушылықтар анықталған жағдайда нәтиже мен берілген гранттардың күші жойылады", – деді Наужан Дидарбекова.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу