Басқосуда әлемдік экономиканың құлдырауы Еуразия материгі үшін 10 сын-қатер туғызатыны жарияланып, "Еуразия 2020 үшін 10 басты сын-қатер" атты тәуекел рейтингінің екінші басылымы таныстырылды.
Зерттеу жұмысымен 40 адам айналысқан. Басылымға 70 елдің 1100 саясаткері мен сарапшысының тұжырымы топтастырылған.
Бұл туралы жоба жетекшісі ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев, рейтингтің тең авторлары Словенияның президенті Данило Тюрк, Карнеги қорының вице-президенті Эван Фейгенбаум, ПИР-орталығының төрағасы, генерал-лейтенант Евгений Бужинский баяндады.
Болжам бойынша, келесі жылы АҚШ-та өтетін президенттік сайлау бүкіл Еуразия аймағы үшін сын-қатер туғызуы ықтимал. Қазірдің өзінде әлемнің жетекші державасының саяси дамуындағы белгісіздік әлем экономикасына салқынын тигізеді деген қауіп бар.
Сарапшылардың сөзінше, АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа мерзімге қайта сайлану кампаниясын бастап кетті. Ал оның қарсыластары іс басындағы президентті импичментпен қорқытып отыр.
Мамандардың мәлімдеуінше, 2020 жылы әлемдік экономика құлдырауы мүмкін. Сол сәтте дамып келе жатқан нарықтан капитал жылыстай бастайды.
Салдарынан компаниялар қарызға батып, жаһандық дағдарыс орын алады.
АҚШ пен Қытай текетіресінің ушығуы, жаһандық қарулану, технологиялық жарыс, Иранға қарсы әскери соғыстың күшеюі,Корей түбегіндегі ядролық дағдарыс,терроризмнің жаңа толқынының пайда болуы, басқыншы ұлтшылдық пен популизмнің қанат жаюы және климаттың өзгеруі сынды жаһандық құбылыстар да Еуразия аймағына кері әсерін тигізеді деген қауіп бар көрінеді.
Қанат Махамбет