Бүгінде мал ұрлығы әрбір шаруаның мазасын алған өзекті мәселеге айналып отыр. Жамбыл облысында 2024 жылы мал ұрлығына қатысы бар 44 тұлға, соның ішінде 15 қылмыстық топ ұсталды. Мысалы, Тараз қаласының 4 тұрғыны Байзақ және Жамбыл аудандарында мал ұрлығымен айналысқан, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жамбыл облысы, Талас ауданы, Аққұм ауылының тұрғыны Шерхан Далбақов әлі де мал ұрлығының өршіп тұрғанына алаңдаушылық білдірді.
"Малға көз аудармай қарап, қадағалау керек дейді. Мен өзім "Шатура" деген жайылымда бірнеше үйдің жылқысын бағып отырдым. Кешкілік суарып, түнге таман жіберген жылқы. Азанда 05:30 шамасында барып түгендесем, жиырма жылқы жоқ. Сол жиырма жылқының дені Дидар Мұсабаев деген жігіттікі болатын. Мұнан бөлек, Жандос Сүгірбеков деген азаматтың 23, Алдян Қыздашев деген азаматтың 19 жылқысы қолды болды. Мұрат Әбужар мен Марат Әбу деген кісілердің түйелері жоғалды. Арасында 3-4 сиырдың жоғалуы ешкімге жаңалық болмай қалды. Оның көбісі "Ауыл аманаты" бағдарламасымен несиеге алған мал басы. Оның ертең сұрауы бар емес пе? Әр шаруа малды өсіремін, пайдасын көремін деген үмітте. Оған ұрлық деген жағадан алып тұр. Жергілікті полиция өкіліне, аудандық полицияға да шағымдандық. Жергілікті учаскелік инспектор малымыз жоғалды десек, алдымен қарамағаның үшін айыппұлын төле деп, әр малға 5 мың теңге ақша сұрайды. Кейде 10-15 мың теңге сұрайтындары да кездеседі. Полиция қанша іздесе де, тінту жүргізсе де, әзірге ешқандай малымыз табылған жоқ. Амалымыз таусылды", – дейді.
Ал Жамбыл облыстық полиция департаменті криминалды полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мақсат Юсупов ұрлықтың көп дерегі малды қадағалаусыз қалдырғаннан орын алатынын айтады.
Жалпы өткен жылдың 12 айында Жамбыл облысында мал ұрлығының тіркелуі 11 пайызға төмендепті. Қылмыстардың ашылуы 55,3 пайызды, ал ауыр санаттағы қылмыстардың ашылуы 64,1 пайызды құрайды (2023 жылы – 56,6 пайыз).
"Мал ұрлығын болдырмаудың маңызды профилактикалық шараларының бірі – ҚР ӘҚБтК 406-бабы (құжатсыз тасымалдау) және 408-бабы (мал жаю қағидаларын бұзу) бойынша жауапкершіліктер. 2024 жылы 406-бап бойынша 266, ал 408-бап бойынша 1718 құқықбұзушылық анықталды.
Мал ұрлығының 75 пайызы жайылымдағы малды қараусыз қалдырудан туындайды. Сонымен қатар, жәбірленушілер қылмыс туралы полицияға кеш хабарлап, алдымен өз беттерінше іздестіруге тырысады. Бұл қылмыстың ізін суытпай ашуға кедергі келтіреді. Полиция мал ұрлығының алдын алу үшін тұрғындарды сақтық шараларын күшейтуге шақырады. Уақытылы хабарлау – қылмысты тез ашудың кепілі", – дейді Мақсат Юсупов.