2026 жылға дейін еліміздегі "жайсыз" мектептер мәселесі шешілуі тиіс

1013

Қазір республика бойынша ескірген 1500 орта білім беру мекемесі бар. 

2026 жылға дейін еліміздегі "жайсыз" мектептер мәселесі шешілуі тиіс Фото: Әзиз Жанұзақ

Олардың кейбірінің салынғанына жарты ғасырдан асып кеткен. Сондықтан бұл мақсаттағы жұмыстар күн тәртібінен түспейді. Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев сала мамандарының есебін тыңдады. Қазір облыста үш ауысымды мектептер мен орын тапшылығы мәселесін жою жұмыстары жүріп жатыр.

Соңғы бір жыл ішінде 3 590 оқушыға арналған 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 2024 жылы 20 жаңа білім беру мекемесін салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін 14 900 орынға шақталған 18 мектеп пайдалануға беріледі. Дегенмен, алыс елді мекендерде жағдайы сын көтермейтін білім ошақтары әлі көп. 

Республика бойынша заманауи құрал-жабдықтарымен, техникалық базасымен мақтана алатын 6 мың мектеп бар. Министр білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын күшейту қажеттігін де ескертті.

"Мектептегі сапа менеджментін қалыптастыруда былтырдан бастап Президент тапсырмасына сәйкес, "1000 көшбасшыны әзірлеу" жобасын іске қостық. Соның негізінде былтыр 208 үміткер оқудан өтіп, қазір мектептерге тағайындалу үстінде. Биыл оны 3000-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мемлекет педагогтердің мәртебесін көтеру, инфрақұрылымды дамыту, жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру бойынша барлық міндеттемелерді жүзеге асыруда. Ендігі біздің басты міндетіміз – әрбір балаға сапалы білім, саналы тәрбие беру", - деді Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, алдағы екі жыл ішінде еліміздегі мектептер түгелдей "жайлы мектеп" деңгейіне көтеріледі. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарынан жиналған 740 мектеп директоры үлкен форумда бас қосып, көкейкесті мәселелерді ортаға салды. Әсіресе, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға ерекше мән берілді. Өйткені, қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасында алшақтық әлі де бар.  Маңғыстау облысы, Ақшұқыр мектеп-лицейінің директоры Қаламқас Тілеубаеваның айтуынша, ауыл мектебіндегі білім деңгейін білікті мамандар шақыру арқылы ғана көтеруге болады.

"Қала мектебі мен ауыл мектебінің арасындағы алшақтық менің басқарып отырған білім ұйымымда жоқ деп айтуға болады. Себебі, біздің мектеп республикалық деңгейде төрт рет үздік ауыл мектебі атағын алған. Біздің мектеп облыстық деңгейдегі үздік білім беру ұйымдарының бірнеше гранттарын жеңіп алып, 25 млн теңгені иеленді. Біз мықты кадрларды өзімізге шақыру арқылы осындай деңгейге жеттік.14 шебер-педагогы, 32 зерттеуші-педагогы бар мектеп өте сирек кездеседі. Сондықтан, ауыл мектептерінің деңгейі сапалы мамандардың келуімен ғана көтеріледі",- дейді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу