Қазақстанда мемлекет есебінен тегін дәрі-дәрмек алатын азаматтар саны соңғы жылдары айтарлықтай артты. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде 3,4 миллион қазақстандық тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. 2018 жылы бұл көрсеткіш 1,9 миллион адам болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың айтуынша, ауыр және сирек кездесетін аурулары бар пациенттерге ерекше көңіл бөлініп отыр.
"Соңғы жылдары пациенттер тегін дәрі алатын аурулар тізбесі 48-ден 121 позицияға дейін кеңейтілді. Сонымен қатар дәрілік заттар тізбесін қалыптастыру тәсілі өзгеруде. Енді басты назар препараттардың санына емес, олардың дәлелденген тиімділігіне аударылады", – деді ол.
Министрлік дерегінше, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы көлемі 87,2 млрд теңгеден 2026 жылға қарай жоспарланған 337,4 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
"Біздің міндетіміз – пациенттерді шынымен тиімді әрі заманауи препараттармен қамтамасыз ету. Біз дәрінің терапиялық құндылығы мен пациентке нақты пайдасы негізгі критерий болатын жүйеге көшудеміз", – деді Тимур Мұратов.
Ведомствода Бірыңғай дистрибьютор жұмысына да өзгерістер енгізілгені айтылды. Байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшіріліп, азаматтарға дәрі-дәрмектің қолжетімділігі туралы жедел ақпарат беретін Telegram-бот іске қосылған.
2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша шағымдар саны 18 пайызға азайып, 13 мыңнан 11 мың өтінішке дейін төмендеген.
Сонымен қатар пациенттік ұйымдармен жұмыс күшейтілген. Елдің әр өңіріндегі пациенттер бірлестіктерінің өкілдерімен кездесулер өткізілген.
Министрлік мәліметінше, реформаның негізгі нәтижелерінің бірі – бюджет қаражатын үнемдеу. Егер 2023 жылы үнем көлемі 21,5 млрд теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 85,5 млрд теңгеге жеткен. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында қосымша 50 млрд теңге үнемделген.
"Бүгінде біз жай ғана дәрі сатып алып отырған жоқпыз. Біз пациент басты назарда болатын заманауи, ашық әрі тұрақты жүйе қалыптастырып жатырмыз. Бұл – миллиондаған адамның өмір сапасына қатысты мәселе", – деді вице-министр.
Қоймаларды жалға алуға тәуелділікті азайту үшін Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау және Семей қалаларында жеке логистикалық орталықтар салу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, мемлекет отандық фармацевтиканы қолдауды күшейтуде. Қазір 31 қазақстандық өндірушімен 83 ұзақмерзімді келісімшарт жасалған.