7 партия сайлауға кандидаттарын ұсынды

731

Мәжіліс пен мәслихат сайлауына қатысатын 7 партияның бәрі кандидаттарын ұсынды. Бүгін "Республика" мен "Аманат" соңғы болып  Орталық сайлау комиссиясына үміткерлер тізімін өткізді. 18:00-де құжаттарды қабылдау аяқталды, ал 10 күннен соң сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары бастау алмақ. 

7 партия сайлауға кандидаттарын ұсынды Фото: azattyq-ruhy.kz

Осылайша, 7 партия құжаттарын өткізіп, үміткерлерді тіркеу процессі басталып кетті. Ең көп кандидат ұсынған партия  "Аманат" - ұзын-саны 119 адам. Олардың 90-ы партиялық тізімге енсе, 29-ы мажоритарлық жүйе бойынша бір мандаттық округтен сайлауға түседі. Аманатты өкшелеп, "Ақ жол" партиясы келеді. Үміткерлердің жалпы саны 78 болса, 54-і партиялық тізімнен көрінді. Бұрынғы коммунистер, қазіргі Қазақстан халық партиясы 67 кандидатын ұсынды. 52-сі партиялық тізімде, қалғаны жеке мандаттан үмітті. Өткен сайлауда Мәжіліске өте алмай қалған "Ауыл" партиясы бұл жолы 34 үміткер ұсынып отыр. 25-і партиялық тізімге енген. Жуырда құрылған Республика партиясы 29, Байтақ 22 үміткер ұсынды. 

Сәйкесінше 25 және 18 кандидат партиялық тізімде, ал бір мандаттық округтан сайлауға түсетіндер  төрт-төрттен. Ал бұған дейінгі сайлауларға бойкот жариялап келген Жалпыұлттық социал-демократиялық партия бұл жолы саяси додадан шет қалмайды. 25 үміткер сайлауға түседі. 19-ы парттізімде болса, 6-уы мажоритарлық жүйе бойынша. Қысқасы 7 партия қолдағы көзірлерін шығарды. Осы орайда, "Жаңа Қазақстандағы" мәжілісмен қандай болуы керек деген сұрақты саясаттанушы Нұргелді Әбдіғаниге қойып көрдік.   

Мәжіліске заңгерлер, экономистер мен қаржыгерлер баруы керек - саясаттанушы

"Ұсынылған үміткерлердің арасында білікті мамандар бар, бірақ ескі сарын бойынша көбіне көп халықтың алдында публикаға ойнайтын немесе медиа тұлғаларды алға шығарып, солардың есбенінен ұпай жинау тактикасының қайталанып отырғанын көріп отырмыз. Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Мәжіліс маңызды орган, оған баратын адамдар эстрада өкілдері немесе ақын-жазушы болмауы керек. Менің түсінігімде Мәжіліске ең алдымен заңгерлер, экономистер баруы керек, қаржыгерлер баруы керек, социологтар баруы керек", дейді Саясаттанушы Нұргелді Әбдіғани. 

Саясаттанушының сөзінше, Парламентке жастар келе ме, кәрілер келе ме, бұрынғы депутаттар қайтып келе ме  маңызды емес. Бастысы  білікті маман болса ,-болғаны дейді, яки қай партия жеңбесін, Мәжіліс креслосына отыратын жаңа халық қалаулылары өздерінің міндетін естен шығармай, өткен шақырылым депутаттарының қателігін қайталамауы тиіс. Әйтпесе, елдегі саяси трансформация үйге косметикалық жөндеу жүргізумен пара-пар болады. 

"Мәжіліске барудың маңызы ерекше, өйткені Мәжіліс  Қазақстан қоғамының алдағы уақытта өмір сүру ережесін бекітетін негізгі орган саналады+Мәжіліс депутаттарының әсіресе соңғы 10-15 жыл ішінде халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болудан көрі билік органдарының адвокатына айналып бара жатқандығын,  халықтан біршама алшақтап бара жатқандығын көрдік", дейді Саясаттанушы Нұргелді Әбдіғани.

Мәжіліс және мәслихат сайлауына кандидаттарды тіркеу 18 ақпанға дейін жалғасады. Дәл осы күні сайлаулды үгіт-насихат жұмыстары басталады. Бір ай бойы партиялар ел-елді аралап, телеарналарға шығып, уәдені үйіп-төгіп, жұртты дауыс беруге шақыратын болады. Ал тура 39 күннен кейін  сайлау. Осыдан тура 3 жыл бұрын, сол 19-шы наурыз күні Тоқаев билікке келген еді. Бұл жай сәйкестік пе, әлде саяси технологтар жоспары ма, 20-шы наурыз күні білеміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу