"№ 9 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде" спорттық акробатикадан X Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды 24.kz.
Біріншілік үш жас санатында өткізілді: үлкендер, 11-16 жас аралығындағы жеткіншектер және 12-18 жас аралығындағы жастар. Байрақты бәсекеде Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Үндістан, Иран, Солтүстік Корея және Гонконг елдерінен келген 144 спортшы үш күн бойы бақ сынасты.
Сары құрлық бәсекесі Қазақстанда осымен бесінші рет өткізілді. Азия бірінішілігі акробатиканы Қазақстанда дамыту және елге таныту, спортшылар мен бапкерлердің шеберліктерін арттыру, сондай-ақ халықаралық аренада ел мен Алматы қаласының спорттық имиджін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есеп бойынша Қазақстан құрамасы бірінші орынға жайғасса, Өзбекстан спортшылары екінші орынды иеленді. Ал үздік үштікті Қытай командасы түйіндеді.