АӘК алушы 21 мыңнан астам отбасы нақты табыстарын жасырды

1235

Жәрдемақы алушылардың көбі Түркістан облысында – 498,7 мың адам.

АӘК алушы 21 мыңнан астам отбасы нақты табыстарын жасырды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мен төлеудің заңдылығын тексеріп, заң бұзушылықтың бар екенін анықтады, деп хабарлайды ведомство баспасөз қызметі.

Жұмыс топтарының өңірлерге шығуы және "Е-Халық" ақпараттық жүйесі базасында жүргізген талдау барысында учаскелік комиссиялардың отбасының материалдық жағдайын анықтауға немқұрайлы қарау, кәсіпкерлік (еңбек) қызметтен түскен табысты "жасанды" төмендету, еңбек қатынастары мен жеке қызмет бойынша тіркеудің болмау фактілерін анықтаған.

Азаматтар өздерінің табыстарының АӘК беру өлшемдерінен асып түсетінін біле отырып, олардың мөлшерін төмендетіп, әлеуметтік қызметтерге жалған ақпарат берген.

"Е-Халық" ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, 21 мыңға жуық отбасы табысы төмен және мұқтаж отбасыларға ғана берілетін атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алу үшін өздерінің нақты табысын жасырған.

Осыған байланысты, Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Қазақстан Республикасының Заңын бұза отырып рұқсатсыз төленген төлемдерді қайтару және қайта қарау, заңбұзушылықтардың алдын-алу бойынша әрбір анықталған факті бойынша жеке-жеке жұмыс жүргізеді.

Биылғы жылдың 15 тамыздағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 1,8 млн. қазақстандық қамтылған. Жәрдемақы алушылардың көбі Түркістан облысында – 498,7 мың адам, Алматы облысында – 225,4 мың адам, Шымкент қаласында – 216,3 мың адам тұрады. Жәрдемақы алушылардың 42%-ы - қала тұрғындары, 58%-ы - ауыл тұрғындары. Ағымдағы жылғы 1 тамызға АӘК 103 млрд.теңге сомасында төленді. Бір отбасына төлемнің орташа мөлшері айына 86 мың теңгені құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу