"Әкімдіктер жалған мәлімет беруді әбден үйреніп алды": Депутат мәселе көтерді

422

Оның сөзінше, мұның зияны бюджетті жоспарлау кезінде көрінеді. 

"Әкімдіктер жалған мәлімет беруді әбден үйреніп алды": Депутат мәселе көтерді Фото: inbusiness.kz

Депутат Айдарбек Қожаназаров ресми статистика мен нақты өмірдің арасындағы алшақтық мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Статистикаға қарасақ, әрбір қазақстандыққа әр күн сайын жарты келі картоп тұтыну керек екенін білесіз бе? Бұл салыстырмалы түрде картоптың отаны Беларусь елінен бірнеше есе көп деген сөз. Статистикаға бекер сүйеніп отырған жоқпын. Ашығын айтсақ, еліміз картопты 2 есе аз өндіреді. Дәл осындай жағдай басқа да салада кездеседі. Яғни, бұл ресми статистика мен шынайы өмірдің сәйкес емес екенінің анық мысалы. Салалық одақтардың бағалауына сәйкес, бидайға қатысты берілген есеп 3 миллион тоннаға артық. 2021 жылы Маңғыстаудан бастап бүкіл оңтүстік-батыс өңірлерде қуаңшылық болғаны белгілі. Сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі ауыр жағдайға қарамастан 20,1 млн тонна астық жиналғанын сүйінші сұрап жеткізгені есімізде", - деді халық қалаулысы.

Оның дерегінше, жекелеген аймақтарда мал басын санағанда анықталған сәйкессіздік 40%-ды көрсеткен.

"Осындай өтірік кімге, не үшін керек?! Жалған есептер еліміздің ауыл шаруашылығы саласын құрдымға жібермей ме?! Барлық деңгейдегі әкімдіктер, орталық мемлекеттік органдар жалған мәлімет беруді әбден үйреніп алды. Былай айтқанда, жеке қосалқы шаруашылықтардың көрсеткіштерін өз бетінше еселеп, статистиканы түрлендіре береді. Бұл үшін жауапкершілік мүлдем қарастырылмаған. Елді жаман әкім тоздырады, жақсы әкім оздырады деген халық даналығы бар. Әрине, әкімдердің арасындағы бәсеке деген жақсы. Бірақ әкімдер нақты атқарылған іспен, нәтижемен жарысып жатса, онда оны құптауға болады. Ал ойдан шығарған сандармен арзан ұпай жинау елге қажет емес", - деп атап өтті Айдарбек Қожаназаров.

Депутат мұның салдары бюджетті жоспарлау кезінде көрінетінін, нарықты реттегенде қате шешімдер қабылданатынын жеткізді.

Мәжілісмен әкімдіктердің жұмысын бағалау критерийі сенімді бизнес көрсеткіштерге ауыстырылуы керек деген пікірде. Бұдан бөлек ол жергілікті атқамінерлердің жұмысын бағалауды нақты қолда тұрған бар құралдарға қарап бекіту қажет деп санайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу