Әкімдіктерге қосымша құзырет беру ұсынылды

214

Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі әкімшілік жазаның орындалуы әкімдіктерге берілуі мүмкін.

Әкімдіктерге қосымша құзырет беру ұсынылды Фото: canva.com

Мәжілістің жалпы отырысында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әділет министрі Азамат Есқараевтың сөзінше, заң жобасының түзетулерін екі негізгі бағытқа бөлінеді. Біріншісі – "қоғамдық жұмыстарға тарту" әкімшілік жазаның жаңа түрін регламенттеу және оны орындау механизмін айқындау, екінші бағыт – әкімшілік-деликтік заңнамасын одан әрі жетілдіру.

"Конституцияның 24-бабына сәйкес еріксіз еңбекке қылмыстық немесе əкімшілік құқық бұзушылық жасауға кінəлі деп тану туралы сот актісінің негізінде не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі.
Қазіргі уақытта қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаны қолдану қылмыстық заңнама шеңберінде орын алып отыр. Сонымен Қылмыстық кодекстің 43-бабына сәйкес, қоғамдық жұмыстар сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады. Бұл ретте, Қылмыстық-атқару кодексінің 24-бабының жетінші бөлігіне сәйкес, қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша пробация қызметі жүзеге асырады. Осылайша, қазіргі уақытта пробация қызметі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қылмыстық құқық бұзушылықтар шеңберінде жазаның осы түрін іске асыруда", - деді ведомство басшысы.

Айтуынша, заң жобасында "қоғамдық жұмыстарға тарту" түріндегі әкімшілік жазаны іске асырудың ұқсас тетігі ұсынылады, алайда оның орындалуын әкімдіктерге бекіту көзделіп отыр.

"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер шеңберінде қоғамдық жұмыстарды қолдану, әкімшілік жазаның әкімшілік құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесімен, оның зардаптарымен, кінәлінің жеке ерекшеліктерімен салыстырылуын ескере отырып, бірқатар құрамдар бойынша мүмкін болады. Мәселен, Заң жобасында қоғамдық жұмыстарды 9 бап бойынша, оның ішінде 13-і әкімшілік құқық бұзушылықтардың құрамы бойынша қолдану ұсынылады. Мысалы, ұсақ бұзақылық (434-бап), алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу (440-бап), қоғамдық орындарда тиісу (449-бап) сияқты құқық бұзушылықтар. Заң жобасында "қоғамдық жұмыстарға тартуды" қолдану тетігін мынадай түрде іске асыру ұсынылады. Қоғамдық жұмыстардың түрлерін және қоғамдық жұмыстар орындалуы тиіс ұйымдардың тізбесін әкімдіктер (Қылмыстық кодекспен ұқсас) айқындайтын болады", - деп жалғастырды ол.

Бүгінде қылмыстық іс жүргізу аясында жергілікті атқарушы органдар қоғамдық жұмыстардың келесі түрлерін анықтады: аумақтарды тазалау, аумақты абаттандыру. 

Сонымен қатар әкімдіктер:
- сот қаулысы келіп түскен сәттен бастап құқық бұзушыны шақырады, оның жеке деректерін толтырады, оған құқықтары мен міндеттерін, қоғамдық жұмыстарды орындау тәртібін түсіндіреді;
- қоғамдық жұмыстарды орындау үшін адамдарды оларға жіберу туралы ұйымға хабарлама жібереді; қоғамдық жұмыстарды орындау кестесі мен кезеңділігін жасайды;
- құқық бұзушының қоғамдық жұмыстардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
- адамның қоғамдық жұмыстарды орындаудан жалтарғаны туралы Ішкі істер органдарын хабардар етеді.

"Өз кезегінде ұйымдар орындалған жұмыстардың актілерін жасайды, жұмыс істеген сағаттардың табелін жүргізеді, тоқсан сайын ЖАО-ға қоғамдық жұмыстардың орындалуы туралы есеп береді", - деді Азамат Есқараев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу