Қазақстандықтардың тағы бір тобының жалақысы күрт көтерілуде

948

Биылғы жыл осы мамандық иелерінің жылына айналғалы тұр. 

Қазақстандықтардың тағы бір тобының жалақысы күрт көтерілуде Фото: aikyn.kz

Жыл олар үшін ерекше жаңалықпен ашылған. 2025 жылғы 14 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті Архивінің Ақордаға жақын, қарама-қарсы орналасқан, кең сарайдай алып жаңа ғимаратының тұсауын кескені белгілі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай архив Алматыдан Астанаға көшірілді. Бұл ел тарихына қатысты құжаттар сақталатын орын ғана емес, білім және ғылыми-әдістемелік кешен ретінде қызмет көрсететін Орталық Азиядағы алғашқы архив болатыны жарияланды.

Өз кезегінде Парламент депутаттары да архив саласын қолдауға бағытталған бірнеше заңнамалық түзету қабылдады. Тағы бір арнайы заң жобасын күзде, жаңа сессияға қайта оралғанда қарайды.

Сондай-ақ сенаторлар Үкімет басшысына жүгініп, архив қызметкерлерінің жалақысын педагогтердің жоғары жалақысымен теңестіруді талап етті.

Премьер-министр Президенттің өзі мән берген саланың қызметкерлерінің айлығы өсіп жатқанын хабарлады.

"Республика бойынша архив қызметкерлерінің орташа жалақысы 2024 жылы 201 622 теңгені құрады. Салыстырсақ, 2021 жылы – небары 127 929 теңге, 2022 жылы –149 905 теңге, 2023 жылы – 193 117 теңге ғана болған еді. Биылғы қаңтарда архившілердің жалақысы тағы 17%-ға өсті. Нәтижесінде, олардың орташа жалақысы 260 999 теңгеге жетті. Ең төменгі жалақысы 191 939 теңгені құрады", – деп мәлім етті Олжас Бектенов.

Оның мәліметінше, бұдан бөлек, экологиялық апат аймағында, ауылдық жерлерде тұратындарға қосымша ақылар (БҚҚ-дан 25%) және ерекше еңбек жағдайлары үшін қосымша ақылар (БҚҚ-дан 25%, БҚҚ-дан 10%) төленетінін жеткізді.

Дегенмен, сала қызметкерлерінің алатыны бәрібір Қазақстандағы орташа жалақыдан (2025 жылдың І-тоқсанында 423 133 теңгеге тең) және медианды жалақыдан (300 307 теңге) да төмен болып қалуда.

Сонымен қатар, бүгінде архивтердің статусын көтеріп, "Ұлттық" мәртебе беру мәселесі пысықталуда екен.

"Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына тиісті өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның аясында Ұлттық архив пен Орталық мемлекеттік архивтерге "Ұлттық" мәртебе беру бойынша депутаттардың бастамасымен әзірленген түзетулер Үкіметте пысықталуда. Алдағы уақытта Үкімет қорытындысы заңнамада белгіленген тәртіппен жолданатын болады", – деді Бектенов.

Сондай-ақ аудандық архивтердің және филиалдардың құрылысы "Өңірлерді дамыту бағдарламасы" аясында жүргізілмек. Үкімет басшысы мәлімдегендей, 2024 жылы Қарағанды облысы мен Қонаев қаласының әкімдіктері аудандық архивтер мен филиалдардың құрылысы жобасын өңірлерді дамыту бағдарламасына енгізіпті.

Бірақ бұл олардың бар жүгі жергілікті бюджеттерге артыла салынатынын білдірмейді екен. Қолданыстағы заңнамалар аясында өңірлерге архив саласын дамыту үшін республикалық бюджеттен де трансферттер бөлу қарастырылуда.

Президенттің өңірлерде архив ғимараттарын салу тапсырмасын орындау үшін 2025 жылы Орталық мемлекеттік архивтің 700 мың бірлік құжатты сақтауға арналған архив қоймасының құрылысын салу үшін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Тағы 4 аудандық архив – Маңғыстау облысының Жаңаөзен аудандық архиві, Жамбыл облысының Қордай және Жамбыл аудандық архивтері, Ақтөбе облысының Темір аудандық архиві пайдалануға беріліп те қойды.

Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарында архив салуға жер учаскелері бөлінді. Жамбыл облыстық архивінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Жер учаскелері бөлінген Жуалы, Жамбыл, Мойынқұм, Меркі, Шу және Рысқұлов аудандарының архивтеріне инженерлік коммуникацияларды жүргізуді жүзеге асыруға техникалық шарттар әзірленіп жатыр.

Қызылорда облысында 3 аудандық архив "Руханият" мәдени орталықтарының ғимараттарына көшірілді. Алда қалған 4 аудандық архивті көшіру жоспарлануда.

Ақтөбе және Атырау облысының архивтеріне – 1 млн, Жамбыл облысының архивіне – 1,5 млн сақтау бірлігіне арналған ірі ғимарат салу үшін жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткізілу үстінде. Олжас Бектенов бұл бағытта жұмыстар жалғасатынына уәде етті.

Жалпы, архив ісі – ұлт жанының алтын сандығы, елдің тарихи жады. Архив – тек ескінің куәсі емес, ұрпақтың мұрасына жауапты. Бұл тұрғыда, бүгінгі заманауи талапқа сәйкес, қағаз үлгісіндегі құжаттарды цифрлық форматқа көшіру арқылы көпшілікке қолжетімді ету өте маңызды қадам.

Дегенмен, депутаттардың көңілі бұған да тоймай отыр. Сенат депутаты Әсем Рахметованың байламынша, архив саласында жинақталған проблемаларды шешу үшін бірқатар жүйелі, әрі нақты шешімдер қабылдануы керек.

"Елімізде 230-дан астам мемлекеттік архив жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мемлекеттік архивтер орта есеппен 92,4%-ға толып қалды. 75 архивте толу көрсеткіші 100% және одан жоғары. Орын жоқ, құжаттар бейімделмеген жағдайда сақталады. Мемлекеттік архивтердің 81,4%-ы құжаттардың сақталуы, өрт қауіпсіздігі және мүгедектерге жағдай жасау тұрғысынан заң талаптарына сәйкес келмейтін ғимараттарда орналасқан", – деді сенатор.

Мәселен, оның дерегінше, Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік архивінің ғимараты жарты ғасыр бұрын, 1973 жылы салынған. Аудандардағы архивтердің 14 филиалының 6-уы Петропавл қаласында, Ақжар, Мамлют, Тайынша, Уәлиханов, Айыртау аудандарында жалға алынған ғимараттарда орналасқан.

"Облыстық филиалдың архив қоймалары толып тұр. Бұл бір облыстағы жағдаят. Қалған өңірлерде де жағдай осының төңірегінде. Бұған қоса, бүгінде архивтер әртүрлі ведомстволарға бөлініп, біртұтас жүйе ретінде жұмыс істей алмай тұр. Архивтер бір облыста мәдениет, екіншісінде цифрландыру, үшіншісінде ақпараттандыру басқармаларына қарайды", – деді Рахметова.

Қойшы көп болса, қой арам қатады. Салада цифрландыру мәселесі баяу жүріп жатыр. Архив құжаттарының көп бөлігі қағаз форматында сақталады: жыл сайын тозып, мүжіліп, тышқан кеміріп, көк басып, құрып барады.

Сенатордың мәліметінше, олардың қауіпсіздігі мен қолжетімділігі күн өткен сайын нашарлауда. Құжаттар тиісті деңгейде цифрланбаса, ертеңгі күні бұл құжаттар ұрпаққа жетпей қалу тәуекелдері өте жоғары.

Сорақысы сол, іріп-шіріп жатқан құжаттарды ақтарып, жұмыс істегісі, зерделегісі келетін зерттеушілер жетерлік, бірақ оларды қызғанып, архивтегілер, жауапты шенеуніктер зерттеушілерді ішке кіргізбейді, құжаттарды қолжетімді етпейді, көшірме жасауға рұқсат етпейді.

"Маңызды бір мәселе – архив мамандарының жалақысы аз, жұмысы ауыр. Содан жастар бұл іске қызыға бермейді. Мамандар жетіспеушілігі саланың дамуына кері әсер етіп отыр. Бұған саланы мардымсыз қаржыландыру себеп. Мұрағат – тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын алтын қазына. Архивтерде мәңгілік мерзімге сақталып, қорғалатын тарихи деректер бар. Мысалы, мемлекеттің ішкі-сыртқы жағдайы, экономика, саяси-идеология қатынастары туралы құжаттар және басқасы", – деді депутат.

Бұлардың барлығы ұлттың қоры, әрі ұлт жадының ажырамас бөлігі. Сондықтан тарихи мұраларды сақтау және бұл істі жалғастыру, оны кешенді қолдау мемлекеттің стратегиялық маңызды бір міндеті. Бұл іс әлі де "ақсап" тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу