Қонақ үй кешенінің бас менеджері Серік Исағалиевитің айтуынша, екі жылдан бері кәріз суларын тазартатын жүйе іске қосылған. Барлық қалдық суды сүзгіден өткізіп, залалсыздандыратын көрінеді.
"Қалдық сулар сүзіліп, техникалық суға айналады. Оны жазда ғимарат айналасындағы бақшаны, гүлзарды суаруға пайдаланамыз. Қыста Қаракөлге аптасына бір рет құямыз. Одан аққулардың қырылуы мүмкін емес. Қыркүйектен бері апта сайын көлге төгіп отырмыз. Барлық құзырлы орыннан рұқсатымыз бар. Тоқсан сайын қалдық суды эколог маманға зертханалық сараптамадан өткіземіз. Жауапкершілікті жақсы түсінеміз. Бір жағымызда Қаракөл, екінші жағымызда Каспий теңізі бар. Екі жыл бұрын айыппұл төлегеніміз рас. Ол кезде су сүзетін жүйе жерастына салынды. Ылғалдан күйіп кете берді. Қазір жер үстіне ауыстырғалы мәселе туындаған жоқ",- дейді бас менеджер.
Қаракөлге төгілген қалдық су туралы ҚР Экология министрлігі ресми мәлімет берді.
"Қаракөл көліндегі табылған аққулардың өлу себептері бойынша экология министрлігінен тиісті жұмыстар атқарылуда. 5-ші қаңтар күні инстаграм ӘЖ-гі жарияланған қара түсті сұйықтық ағып жатқан туралы ақпарат бойынша қазіргі таңда экология департаментімен тиісті тексеріс тағайындалып, тексеріс жүргізіліп жатыр. Нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады",- деп атап өтті Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Қожықов.
Аққулардың не себептен жаппай қырылып жатқаны туралы әлі нақты сараптама шыққан жоқ. Кейбір болжамда құс тұмауынан десе, бірінде аштықтан, енді бірінде суға төгілген қалдықтардан деген деректер айтылуда. Соңғы ақпаратқа сүйенсек, Қаракөлде қырылған аққулар саны 870-ке жетті.