Ақпарат саласын дамытудың ұлттық жоспары бекітілді

856

2020-2022 жылдарға арналған құжат мемлекеттік БАҚ-ты оңтайландыруды көздейді.

Ақпарат саласын дамытудың ұлттық жоспары бекітілді

Үкімет басшысы қол қойған қаулыға сәйкес, отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қаралады. Осыған орай ақпараттық материал әзірлеуге мемлекеттік ақпараттық тапсырыстан қаражат бөлу алынып тасталады. Мұның орнына әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды жариялауға басымдық беріледі. Бұл туралы ұлттық жоспарда: "БАҚ-та талдамалық контентке баса назар аударуды көздеу қажет", – деп жазылған.

Ұлттық жоспарды жүзеге асыру аясында ақпарат саласындағы квазимемлекеттік сектордың қызметі оңтайландырылады.
Құжатта медиахолдинг құру шығармашылық ұйымның әлеуетін артыратыны айтылған.

"Онлайн және баспа БАҚ саласында жеке медиахолдинг құру нарық сұранысына икемделуге, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді", – деп жазылған ұлттық жоспарда.

Белгілі болғандай, ақпарат саласында бірыңғай материалдық-техникалық база құрылады.

"Материалдық-техникалық жабдықтарды эргономикалық пайдалануды, сондай-ақ бюджет қаражатын үнемдеуді ұйымдастыру үшін мемлекеттік телеарналарға арналған бірыңғай материалдық-техникалық база құрудың тиімділігін зерделеу ұсынылады. Өз жабдықтарынан басқа телеарналар осы базаның ресурстарын пайдалана алады, бұл олардың контент дайындаудағы мүмкіндігін кеңейтеді", – деп жазылған жоспарда.

Бұдан бөлек ұлттық жоспарда блогерлердің құқықтық мәртебесін айқындау мәселесіне назар аударылған.

"Интернет желісін дамыту журналистиканың, оның ішінде азаматтық журналистиканың жаңа түрлерін дамытуға ықпал етеді. Бүгінде әлеуметтік желілер мен әртүрлі желілік платформалар аудиториясының өсуінің арқасында блогерлер мәселелердің ауқымды спектрі жөнінде аудиторияның хабардар болуына және жалпы қоғамдық пікірге айтарлықтай әсер етеді. Блогерлердің қызметін құқықтық реттеу мақсатында көптеген елдер бірқатар халықаралық құжаттарды басшылыққа алады.
Мысалы, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің №34 жалпы тәртіптегі ескертуінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитеті блогерлердің қызметін журналистика нысанына теңестіреді: "журналистік функцияларды адамдардың ауқымды тобы, оның ішінде кәсіпқой штаттық репортерлер мен талдаушылар, блогерлер және баспа басылымдарында, Интернетте немесе басқа да жерлерде жарияланатын басқа да адамдар атқарады. Осылайша, халықаралық тәжірибені ескере отырып, еріктілік қағидатына негізделген отандық блогерлердің қызметін құқықтық қамтамасыз еткен жөн", – деп нақтыланған құжатта.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу