Бұл туралы Ұлттық Банк Төрағасы Ғалымжан Пірматовтың базалық мөлшерлемеге қатысты мәлімдемесінде жазылған.
"Сыртқы инфляциялық қысым әлсірегеніне қарамастан, жоғары қалпын сақтап отыр. Азық-түліктің әлемдік бағасы төмендеп келеді. Алайда ол соңғы бес жылдағы орташа мәндерден жоғары қалыптасуда. Осыған байланысты Америка Құрама Штаттарында және Еуропалық Одақ елдерінде тұтынушылық инфляция жоғары деңгейде қалып отыр. Еуропа Орталық Банкі инфляцияны жоғары мәндерде ұзағырақ қалады деп күтеді. Осыған байланысты Федералдық Резервтік Жүйе мен Еуропа Орталық Банкінің риторикасы банк секторындағы проблемаларға қарамастан, күшейтілген қалпында қалып отыр", – деді Пірматов.
Дегенмен, Америка Құрама Штаттары мен Еуропа банк секторындағы проблемалар мұнай бағасының динамикасына әсер етті.
"Осылайша, әлемдік экономиканың рецессияға ұшырау және шикізатқа сұраныстың төмендеу тәуекелдерінің күшеюіне байланысты мұнай бағасы 2023 жылғы базалық сценарийдегі орташа есеппен барреліне 88 доллар деңгейінен сәл төмен қалыптасты. Осыған қарамастан, мұнай бағалары қалпына келе бастады. Ал осы жылы мұнай бағалары Қытайдағы сұраныстың жақсаруынан және ОПЕК+ саясатынан қолдау табады", – деді ҰБ төрағасы.
Бұл ретте ол азық-түлік бағаларына тоқталды. Мәселен, 2023 жылғы ақпанда ФАО азық-түлік бағаларының индексі өсімдік майы мен сүт өнімдері бағасының арзандауы, сондай-ақ астық пен ет құнының аздап төмендеуі нәтижесінде 0,6%-ға түсті.
"Аталған азық-түлік бағалары төмендеді, алайда қант бағасы қарқын ала өсті. Баяулағанына қарамастан, әлі де жоғары қалпында тұрған инфляцияға байланысты ірі орталық банктер ақша-кредит шарттарын күшейтуді жалғастырды. Америка Құрама Штаттарының Федералды Резервтік Жүйесі соңғы отырыста мөлшерлемені 4,75%-5,0% диапазонына дейін 25 базистік тармаққа, Еуропа Орталық Банкі – 3,5%-ға дейін 50 базистік тармаққа көтерді", – деп нақтылады Пірматов.