Ақтау абаттандырылып жатыр

1470

Қаланы көркейтуге 123 млн теңге бөлінген.

Ақтау абаттандырылып жатыр

Ақтау қаласын абаттандыру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 123 млн 491 мың теңге бөлінді.

"Қазіргі таңда, қала бойынша абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Шағынаудандардың периметрлері бойынша жаяу жүргіншілер жолдарын қайта қалпына келтіру, орталық көшелердің тіреу қабырғаларын сырлау, 14-15 шағынаудандардағы кіші баннерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жағалаудағы орындықтар мен қоқыс жәшіктерін сырлау және күтіп ұстау, балалар ойын және спорт алаңдарын сырлау жұмыстары жүргізілуде. Қала аумағындағы ескерткіштерді жуу, шағын сәулет нысандарын қайта сырлау, жаяу жүргіншілер жолдарын күтіп ұстау жұмыстары атқарылуда", – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алпысбай Таубаев.

Бұдан бөлек, биыл жергілікті бюджеттен тоғыз балалар ойын алаңын қайта салуға 90 млн 90 мың теңге бөлініп, алты спорт алаңы үшін 72 млн 962 мың теңге қаражат қарастырылған. Балалар ойын алаңы үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы негізінде "Оңдасын Строй" ЖШС, спорт алаңдарындағы жұмыстарды жүргізу үшін "Заман Ақтау" ЖШС жеңімпаз атанған. Бүгінгі таңда тоңыз жаңа балалар ойын алаңының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Спорт алаңдары әлі салынып жатыр.

Бұдан бөлек, шағынаудан периметрлерінің жаяу жүргінші жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге 124 млн 787 мың теңге қаралған. Оған 3,4 және 8 "А" шағынаудандары толықтай жөнделмек. Сондай-ақ, "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы аясында жеті шағынаудан ішіндегі жаяу жүргінші және автокөлік жолдарына, балалар мен спорт алаңдарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – "Ақтау-НШ" ЖШС, ал келісім шарт құны 352 млн 63 мың теңге құрайды.

Сонымен қатар, "ЖҚЖК" бағдарламасы аясында қала аумағындағы орталық көше бойындағы 170-тен астам көп қабатты тұрғын үйлердің сыртын сырлау жұмыстары жүргізілуде. "Оңдасын Строй" мердігер мекемесі жүргізетін жұмыстың құны 419 млн. 569 мың теңге құрайды. Бүгінгі күні қала бойынша жалпы саны 41 көп қабатты тұрғын үй сырланған.

Құралай Қуатова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу