Ақтөбе мыс компаниясындағы апат себептері анықталды

1675

Еңбек тәртібі мен қауіпсіздік ережелері өрескел бұзылған.

Ақтөбе мыс компаниясындағы апат себептері анықталды

Ақтөбе мыс компаниясы шахтасындағы кеншілердің өлімін зерттеген мемлекеттік комиссия тексеру қорытындысын жариялады. Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Саламат Аманбаев апаттың болуына кәсіпорында жұмыстың дұрыс жолға қойылмағаны, жұмыс берушінің қауіпсіздік ережелері мен еңбек тәртібін бұзуы және жұмысшылардың салғырттығы мен өрескел қателерді жіберуі себеп болғанын айтты.

Кінәнің 90 пайызын жұмыс берушінің мойнына артқан комиссия жауапты тұлғаларды да анықтаған. Атап айтсақ, кеніштің бас инженері Наиль Сафин шахтадағы жарылыс жұмиыстары кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген және басты желдеткіш құрылғының тоқтап қалуына жол берген, шаң-желдету қызметі учаскесінің бастығы А.Харрасов жер астында +75 метрге дейін беріліп тұратын, жарылыс кезінде түзілетін улы газды таратуға арналған ауаның жеткілікті көлемін қамтамасыз етпеген.

Қазіргі күні жұмысшылардың газдан уланғаны белгілі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында жарияланған ақпараттың бастапқы нұсқасында "сот-медициналық сараптамаға сәйкес, жұмысшылардың ағзасы этиологиясы белгісіз удан қатты уланғаны" айтылады. 

Жазатайым оқиға 2020 жылғы 30 желтоқсанда кешке жарылыс жұмыстары кезінде болған еді. "Ақтөбе Мыс компаниясы" ЖШС қызметкерлері: тау-кен шебері Асхат Қайқанов, жарушылар Рустам Шәметов пен Денис Черный, жерасты өздігінен жүретін машиналардың машинисі Берік Жақыпов сол жерде қайтыс болып, тек қана Қанат Абдуллаев аман қалды. Кейін оның сөзінен белгілі болғаны, жарылыстан кейін шахтада әппақ тұман пайда болған, бұған дейін ондай жағдай болып көрмепті. 

Саламат Аманбаевтың айтуынша, сол кезде тау-кен шебері Асхат Қайқанов кеншілерге жоғары көтерілуге бұйрық береді. Бәрі іле-шала солай қарай жүгіріп кетеді де, Абдуллаев нұсқаулыққа сәйкес, отыра қалып, тыныс алуға арналған қорғаныш құралдарын кие бастайды. Қалғандарының соңынан "Тоқтаңдар!" деп айқайлап қана үлгереді. Ереже бойынша, барлығы солай жасап, SOS белгісін басып, апаттық-құтқару тобының келуін күтуі тиіс болған. Бірақ, олардың қауіпсіздікке жүрдім-бардым қарауының соңы қайғылы аяқталды. Көп ұзамай шахтаны улы тұман басып кетеді. Қанат Абдуллаев шамамен 30-40 минуттай уақыт жерге отыра қалады. Тұман сейілген кезде өз бетінше тыныс ала алатынына көзін жеткізіп барып, жоғарыға шығады да жұмыстастарының өлі денелерін тауып алады. 

Сол сияқты, штаттан тыс жағдай кезінде сағат 18.50-де кеніштің бас инженері Наиль Сафиннің бұйрығымен ажыратылып қойылған бас желдеткіш құрылым жұмыс істемеген. Оны апаттан кейін 20 минут өткесін барып қосады.

Құралай Қуатова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу