Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы шаруалардың өтініш- талаптарын жауапты министрліктерге жолдағанын айтты.
Алқабына киік жайылып, ең көп зардап шеккендер - Әйтеке би ауданының шаруалары. Мысалы, "Құмқұдық" ЖШС бидай алқаптың әр гектарынан 8 центнер өнім алатын болса, биыл екі есеге азайған.
- "Киік келіп алқапты таптап, жайылып жүрді. Мәселемізді аудандық әкімдікке айттық, облыстық басқармадан мамандарды шақырды. Келтірілген шығынды айтсам, әлі егінді жинап жатырмыз. Шамамен, әр гектардан 4-5 центнерден шығын келді десек, 70-80 млн теңге болады",- деді "Құмқұдық" ЖШС төрағасы Александр Чемоданов.
Шілде бойы шегірткемен алысқан "Еңбек-Agro" ЖШС қазір егін алқабының қанша аумағын киік жеп қойғанын есептеп жатыр. Шамамен 10 мың га алқапқа еккен бидайының 1700 га іске аспай қалыпты.
"Үйір-үйір болып жайылып жүрді. Өз күшімізбен мотоцикл алып, қуаладық, онымен әліміз жетпеді. Егіс алқаптары бірнеше шақырымға созылып жатыр. Бізге билік тарапынан көмек болмаса, жағдайымыз қиын. Мысалы, менің 1700 га жерім бүлінді, әр центнері 85 теңгеден деп есептей беріңіз, қаншама шығынға баттым",- дейді серіктестік басшысы Роман Жавренко.
Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар диһандардың наразылығынан құлағдар. Мәселесін жауапты министрліктерге жолдағанын айтты:
- Биыл киіктің популяциясы өте көп. Былтыр бірең-сараң аумақты бүлдірсе, биыл ауқымы үлкен. Шаруалардың өтінішін ауыл шаруашылығы, экология министрліктеріне жолдадық. Қазір министрліктер салдары қандай болғанын анықтап, есеп жүргізіп жатыр,- деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының орынбасары Асылхан Әбтиев.
Ақтөбе облысының аумағында киіктердің Бетпақдала және Үстірт популяциясы мекендейді. Инспекциядағылардың есебінше, Бетпақдала популяциясында 100 мың, Үстіртте 30 мың бас есепке алынған. . Ал Қобда ауданы мен Ресеймен шекаралас аумақтағы Орал киік популяциясында 4 мың бас киік кездеседі.