Ақтөбеде 2600-ге жуық бала екпе жасатпаған. Бүгін ақтөбелік дәрігерлер екпеден бас тартқандарды шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Ақтөбе қаласындағы №1 емханада иммундау апталығына байланысты халыққа түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Епкеден бас тартқан ата-аналар толық шақырылғанымен, олардың басым бөлігі келмеді.
"Қазақстанда жағдай қалыпты. Яғни, тұрғындардың 95-97 пайызы вакцина алып отыр. Егер екпеден бас тартқандар саны артып, пайыздық үлес төмендесе, кез келген ауру ошағы анықталуы мүмкін. Бала дүниеге келген күннен бастап күнтізбе бойынша 11 екпе жасалады. Көп аурудың алдын алуға болады, бірақ емі жоқ. Аудандарға келер болсақ, Мұғалжар, Темір алда келеді. Ал Ақтөбе қаласында екпеден бас тартқандар белгілі бір жерге шоғырланған екен. Олар бір балабақшаға барады, ертең мектеп күтіп тұр. Біреуі ауырса, бәріне тарайды. Осының алдын алу үшін жұмыс істеу керек", — деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова.
Дәрігерлердің айтуынша, бас тартқан адамдардың көбі бейнематериалдарға сенеді. Ал сол бейнематериалдарды түсірген ғалымдарды табу мүмкін емес.
"Адамдар бізге емес, сол фильмдерге сеніп отыр. Проблема бар және ол ушығып келеді. Бір шара қолдану керек. Мәселен, Австралияда халықтың 90 пайызы вакцина алмай, олар әлеуметтік төлемнен қағылды. Содан кейін ғана халық жаппай екпе алды. Биыл бірінші тоқсанда бізде 130 баланың ата-анасы вакцинадан бас тартты. Біз бұрын бас тартқандарды көндіріп жатырмыз, ал жаңа туған баласына екпе бермегендер соның орнын толтырып тұр. Көбі перзентханадан бастап алмайды", — деді Светлана Есенаманова.