Ақтөбеде фермерлер рұқсат етілген наразылық митингісіне шықты. Олар ауылшаруашылығы саласының түрлі проблемаларына байланысты 24 талап-тілек қойып отыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Ақтөбе фермерлерінің қауымдастығының қалалық мәдениет үйінің алдына ұйымдастырған шарасына жүзден аса шаруа қатысқан. Олардың ішінде Қарағанды мен Батыс Қазақстан облыстарының өкілдері де бар. Айтуларынша, басқа жақтан келді демесең, елдің барлық өңіріндегі ауылшаруашылығына қатысты ахуал ортақ.
Сонымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне айтылған 24 талаптың ең бастысы – "Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы" екен. Субсидиядан бастап, асыл тұқымды мал басын көбейту сынды мәселелерді қамтитын концепция халықтың талқылауынан өтпеген. Шаруалар, мал шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалар тоқтап, субсидиялар кідіргелі жағдайларының күрт нашарлап кеткеніне шағымданулы. Оның үстіне, биылғы құрғақшылық та мал иелеріне соққы болып тиіп, төрт түлікке азық табудың өзі қиындап кеткен. Соның салдарынан, "Сыбаға" сынды бағдарламалар бойынша алған несиелерін төлей алмай, қиналып отырғандар да бар. Билік бұл мәселенің алдын алмаса, қазірдің өзінде жүздегн шағын шаруашылықтарға жабылып қалу қаупі төніп тұр.
"Биыл менің 17 бас ірі қарам арам өлді. Біздегі Жаңақала, Казталов аудандарына жаз бойы су келген жоқ. Жайық жыл санап тартылып барады. Мал ішетін суды қойып, кей ауылдарда ауыз су да тапшы", – дейді Батыс Қазақстан облысынан әріптестерін қолдауға келген фермер Талғат Бәйкенов.
"Бүгінгі күні біз шаруашылықтарға 3,7 миллиард теңге қарызбыз. Олардың қай ауданнан, қандай шаруашылықтар екені, қандай сомаға, не үшін өтінім берілгені бізде көрсетіліп тұр. Үкіметтен қаржы бөлінген жағдайда төлеуге дайынбыз", – деген Ақтөбе облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Панабек Бимұратов шаруалардың талаптарын "ішінара орынды" деп санайтынын жасырмайды. Белгілі болғандай, бүгінде облыста жеті жарым мың шаруа қожалығы бар. Оның 80 пайызы мал шаруашылығымен айналысады.
Наразылық білдіріп шыққан шаруалар ортақ резолюция қабылдап, ел президентінің атына хат жолдаған. Кейін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов
"Қазіргі таңда субсидия бойынша қарыз – 36,8 миллиард теңге. Оны биыл өтінімдер кеш түскендіктен төлей алмадық. Бірақ ол қаражаттың бәрі келесі жылдың бюджетінен жабылады. Сондай-ақ инвестициялық субсидия бойынша мәселелер де шешіледі, яғни басқа бағдарламалар бойынша игерілмей жатқан қаражат инвестициялық субсидияға аударылады", – деп түсініктеме берді.
Құралай Қуатова