Ақтөбеде сауда сөрелеріне арзан бағамен түскен әлеуметтік азық-түліктің сапасы да бақылауда ұсталатын болды. Бұдан былай қоймаға түскен тұрақтандыру қорының азық-түлігі фотоға және видеоға түсіріліп, арнайы чатка жолданып тұрмақ, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Оған өткен айда тұрғындардың супермаркеттегі картоптардың шіріп, жеуге жарамсыз болып кеткені жөніндегі шағымдары себеп болған.
Белгілі болғандай, "Ақтөбе" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тұрақтандыру қорының арзан бағамен жеткізілетін әлеуметтік көкөнісіне 78,6 млн теңге жұмсаған. Оны сауда орындарына бір келісін 84 теңгеден жеткізген. Арзан картопты сатып алуға ұмтылған тұтынушылар оның "тауарлық түріне" көңілдері толмай, реніш білдірді. Көп ұзамай жеуге жарамайтын даулы картопты арнайы барып көрген "Ақтөбе" ӘКК басқарма басшысының орынбасары Әнуар Асылов "Бұл біздің өніміміз емес, қордың картобын ауыстырып жіберген" деп мәлімдеп, шуды одан әрі ушықтырған еді.
Қазіргі күні тұрақтандыру қорының әлеуметтік азық-түлігінің сапасын бақылау үшін ауыл шаруашылығы басқармасы, ірі сауда нүктелерінің өкілдері, кәсіпкерлер кіретін WhatsApp чаты құрылған. Бұдан былай қала шетіндегі "Пригородный Ауылшаруашылық фирмасы" ЖШС қоймасына түскен көкөніс фото, бейнетүсірілім арқылы жолданып, тексеріліп отырады.
"Тұрақтандыру қорының өнімі сауда орындарына дүйсені және сәрсенбі күндері босатылады. Мұның ішінде, аптаның басында 12 тонна картоп пен сәбіз, ортасында 6 тонна картоп-сәбіз әкелінеді", – дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Гүлшат Берқалиева.
Сонымен бірге "Пригородный Ауылшаруашылық фирмасының" келесі жылы қоймасын екі есеге дейін кеңейтуді жоспарлап отырғаны белгілі болды. Қазіргі күні оның қоймасына 3,5 мың тонна өнім сыйғыза алады. Серіктестік қоймасына биыл күз басталғалы 3 520 тонна картоп, 700 тонна сәбіз, 1 200 тонна жуа, 514 тонна қырыққабат жиналыпты.
Ал тұрақтандыру қоры ол жерден картоптың келісін 60 теңгеден, жуа мен қырыққабатты 48, ал сәбізді 58 теңгеден сатып алып, бұл өнімдерді базарлар мен гипер, супермаркеттерде аз пайыздық үстемақымен сатады. Қордың бағасы әлеуметтік топтар үшін қолжетімді, нарық бағасынан төмен саналады.
Құралай Қуатова