2021 жылдың қазан айынан бастап 244 инвестор криптовалюталық инвестициялық платформаларды көшіретін жалған қолданбалардың кесірінен шамамен $42,7 миллион жоғалтты, деп хабарлайды CNBC АҚШ Федералдық тергеу бюросының деректеріне сілтеме жасап.
Киберқылмыскерлер онлайн-банкинг пен криптовалюталық инвестицияларға қызығушылықтың артып келе жатқанын пайдаланған.
Бірнеше ай бойы ФБР алаяқтардың қолданушылармен қалай байланысқанын бақылап, оларға крипто инвестициялары бойынша кәсіби көмек ұсынғанын, содан кейін олар жалған қосымшаны жүктеп алуға көндіргенін бақылаған. Жалған қызметтер мен операциялар кезінде көбінесе шынайы компаниялардың аты мен логотипін пайдаланылған.
Алаяқтар жәбірленушілерден жалған қолданбаға байланған крипто-әмиянды толтыруды сұрайды. Артынша пайдаланушылар қаражаттарын шығарып алуға әрекеттенген кезде, оларға инвестицияға салық төлеуді сұрайтын электронды хат келеді. "Салықты" төлесе де инвесторлар ақшасын сол бойы ала алмай қалады.
АҚШ Федералдық сауда комиссиясының мәліметі бойынша, 2021 жылдың басынан бері 46 мыңнан астам адам криптовалюталық алаяқтықтың құрбаны болған. Олар жалпы соммасы 1 миллиард доллардан астам шығынға ұшырады. Ескерте кететін бір жайт, алаяқтық әрекеттердің шамамен 50%-ы әлеуметтік желілерде басталған.
Ең сорақысы криптовалюта орталықтандырылмағандықтан, алаяқтық немесе күдікті әрекет туралы шағымданатын және жалпы индустрияны қадағалайтын ортақ ұйым жоқ.
Осы орайда Федералдық сауда комиссиясы адамдарға алданып қалмауға көмектесетін бірнеше кеңестермен бөлісті. Мәселен, "Криптовалютаға салынған инвестиция ешқашан үлкен ақша табуға кепілдік бермейді". Сонымен қатар "заң бойынша ешкім сізден криптовалюта сатып алуды талап ете алмайды".
Айбек Қосан