Алдағы 10 жылда Қазақстандағы сақтандыру компаниялары шығынға батуы мүмкін

1444

Аталған саланың кірісі жылдан-жылға төмендеп келеді. 

Алдағы 10 жылда Қазақстандағы сақтандыру компаниялары шығынға батуы мүмкін

2019 жылы сақтандыру компанияларының кірісіне қарағанда шығыны артты. Бір жылда таза кіріс көлемі  51%-дан 3%-ға төмендеді. Егер осы динамика сақталса алдағы 10 жылда бұл сала тиімсіз болуы мүмкін,  деп хабарлайды FinReview сарапшылары.

Әлемде сақтандыру саласына бизнесті қорғайтын құрал ретінде көп көңіл бөлінеді. Дамыған елдерде сектор ішкі жалпы өнімнің 5%-ын құрайды. Мәселен, Оңтүстік Кореяда бұл көрсеткіш 11%, Германияда 6%, ал Қазақстанда (2019 жыл қорытындысы бойынша) 1,95%. Яғни отандық компаниялар ішкі нарықтағы сұранысқа қанағаттанып, көрсетілетін қызмет түрлерін көбейтпей отыр.

Сонымен қатар жылдан-жылға сақтандыру компанияларының саны да азайып келеді. Мысалы: 2009 жылы 1 қаңтарда Қазақстанда 44 компания жұмыс істесе, 2020 жылы 1 ақпанда олардың саны 28-ге қысқарды. Бұл мекемелердің тек 8-і адам өмірін сақтандырады.

Алайда бұл саладағы ойыншылар саны қысқарумен қатар олардың активтері артты. Соңғы бес жылда сақтандыру компанияларының активтері 2 есе артып, 2018 жылы алғаш рет 1 трлн теңгеге жетті. 2019 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш  1,2 трлн теңгені құрады.

Активтердің басым бөлігі, яғни 64,3%-ы - құнды қағаздар. 2019 жылы олардың көлемі 42,5%-ға артып, 775.1 млрд теңгеге тұрақтады. Сонымен қатар сақтандыру саласының қаржылық көрсеткіштердің жоғарылауына капитал көлемінің артуы әсер етті. 2019 жылы капитал 18,2%-ға артып, 553.3 млрд  теңгеге жетті.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу