Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Ashyq ұялы қосымшасының пилоттық режимде іске қосылғанын мәлім етті, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі.
"Жобаны "Атамекен" ҰКП, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша отандық IT-компания әзірледі. Бүгінде Ashyq қосымшасы бойынша пилоттық режимде Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында қызмет көрсетуге нысандарында іске қосылды. Қазір фитнес-орталықтар, спа-орталықтар, бассейндер, моншалар, кинотеатрлар бар 40 объекті ерікті түрде жүйені пайдалануда", – деді министр.
Ashyq мобильді қосымшасы QR-код арқылы келуішінің вирус тасымалдаушысы емес екенін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ нысандардың халықты қабылдауға әзірлігін және олардың санитарлық талаптарға сәйкестігін көрсетеді. Бұл ретте министр жүйе адамның өмірін қадағалау үшін жасалмағанын атап өтті.
"QR-код тек бизнес субъектілеріне беріледі. Келуші Ashyq мобильді қосымшасын өз телефонына жүктеп, телефон нөмірі бойынша авторизациялаудан өтуі және мекеменің QR-кодын сканерлеуі қажет. Түстерге бөлу әлеуметтік желілерде талқыланғандай, адамдардың өмірін "бақылауға" және "қадағалауға" арналмаған. Бұл науқасты анықтайды немесе адамның карантиндегі пациентпен жақын байланысы бары-жоғын көрсетеді", – деді ведомство басшысы.
Еске сала кетсек, аталған ұялы қосымша келушінің індет тарату бойынша тәуекел дәрежесін анықтауға бағытталған. Осылайша аталған қоғамдық орындарға барғандар арнайы QR-кодты кіреберісте көрсетіп, сканерлейді. Бағдарлама халықты "қызыл, "сары", "көк" және "жасыл" мәртебелерге бөле отырып, тәуекел дәрежесін көрсетеді.
"Қызыл" – амбулаториялық бақылаудағы адамдар мен үйде оқшаулануға тиіс қатаң режимді білдіреді. "Сары" – науқасқа үйден 500 метрден аспайтын азық-түлік және шаруашылық дүкендерге, дәріханаларға баруға ғана рұқсат етілгенін көрсетеді. Ал "Көк" - ПТР-тест анықтамасы міндетті орындардан басқа жерлерге баруына ешқандай шектеулер жоқ екенін көрсетеді. "Жасыл" келушіге ешқандай шектеулер қойылмағанын білдіреді.
Құралай Құдайберген