Соңғы он жылдың ішінде әлем елдерінің қарызы өспесе, кеміген емес. Нақтырақ айтқанда, әлем елдерінің қарызының жалпы сомасы 217 трлн долларға жеткен. Бұл көрсеткіш жалпы ішкі өнімнің 327%-ын құрайды. Бұл жайында халықаралық қаржы институты мәлім етті, деп хабарлайды islam.kz.
Рас, бүгінгі таңда қарыз беру мен алу үлесінің арасындағы айырмашылық, қарыз алушылар, басқаша сипат алған. Негізінен қарызды үкіметтер мен орталық банктер көбірек алатын болды. Сол себепті, ондай қарызға мемлекеттің өзі кепілдік беретіндіктен (қарызын төлей алмаса, тек сол мемлекет банкрот деп танылып, тиісті санкциялық шаралар қолданылады, дағдарысқа себеп бола алмайды) жаһандық дағдарысты күтудің еш негізі жоқ деуге болады.
Әлбетте, банктер капиталға ие болғандықтан, қарыздың "су аяғы құрдымға" кетуінен қорқуға болмайды. Бұған қоса, тұтынушылар үшін де, компания үшін де пайыздық мөлшерлеме мейлінше төмендетіліп жатыр. Кейінгі кезде тек біздің елімізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде, әсіресе, дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттерде орын алып жатқан өзгерістерге қарап қауіптенудің еш негізі жоқтығына көз жеткізесіз. Бұл жайында британиялық The Economist ақпарат көзі хабар таратты.
Жаһандық дағдарысқа итермелейтін факторлар негізінен саяси дағдарыстар болуы мүмкін екенін ескертеді сарапшылар. Солтүстік Корея, Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысы, т.б. Ең бастысы, Қытайдың ішкі қарызы да шиеленіске алып келуі мүмкін. Өйткені, аталған мемлекеттің ішкі қарызы едәуір өсіп кеткен. Осыған байланысты корпоративтік облигация нарығынан жаһандық дағдарыс орын алуы мүмкін. Яғни, облигацияның өтімділігінің (ликвидность) құлдырауынан. Ең бастысы, жаһандық дағдарыс қандай да бір елдің монетарлық саясатындағы өрескел қателіктен де орын алуы әбден мүмкін.