Әлемде азық-түлік бағасы шарықтап кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымына сілтеме жасап. Ресми дерек бойынша, азық-түлік құны 2014 жылдың шілдесінен бергі ең жоғары деңгейге жеткен.
Мұндай тенденция соңғы он айда орнаған. Наурызда FAO индексі 118,5 пунктке жетті. Бұл ақпан айымен салыстырғанда 2,1%-ға жоғары. Әсіресе, өсімдік майы қымбаттаған. Наурызда оның баға индексі 8%-ға көтеріліп, 2011 жылдың маусымынан бергі рекордтық деңгейге жетті.
Сонымен қатар сүт және ет өнімдерінің бағасы айтарлықтай өсті. Ақпан айымен салыстырғанда астық пен қанттың құны арзандады. Бидай бағасы қордың жеткілікті болуы мен биыл өнім мол түседі деген болжамнан кейін төмендеді. Қант 4%-ға арзандады, бірақ оның бағасы өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға жоғары.
Бұған дейін Bloomberg азық-түлік бағасының өсуі салдарынан халықтың наразылығы тууы мүмкін елдердің тізімін жариялаған еді. Олардың қатарына агенттік Ресей, Үндістан, Бразилия, Түркия және Нигерияны қосты.
Табиғат Нұрболат