Әлемде жігіттерге қарағанда қыздар саны аз – зерттеу

700

Жер шарында қыз балаларға қарағанда ұлдар жиі дүниеге келеді. Бұл көрсеткіш кейбір елдерде селективті түсік тастау арқылы артып отыр.  

Әлемде жігіттерге қарағанда қыздар саны аз – зерттеу Фото: google

Worldometers мәліметтеріне сәйкес, әлемдегі адам саны 8 миллиардты құрайды. 2021 жылы дүние жүзінде 7,9 миллиард адам болған, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz порталына сілтеме жасап.

Гендерлік бөлініс тұрғысынан алсақ, statisticstimes.com деректері бойынша әлемде 3,97 млрд ер адам тұрады (50,42%). Халықтың жалпы санындағы әйелдердің үлесі – 49,58% (3,9 млрд адам). Яғни, дүние жүзінде ерлер саны әйелдерге қарағанда 65,5 миллионға артық.

Көптеген елде әйелдер саны ерлерге қарағанда басым. Десек те, халық ең көп қоныстанған екі елде – Қытай мен Үндістанда ерлер саны айтарлықтай көп.

Бұл мемлекеттер әлемдегі ерлер санының басым болуын айқындайды.

Балалар мен жастар арасындағы жас топтары бойынша қарастырсақ, жасөспірімдер арасында ең айқын гендерлік теңсіздік байқалады. Мысалы, 2021 жылы туғаннан 4 жасқа дейін әр 100 қыз балаға шаққанда 106,3 ұл баладан келді, 5 жастан 9 жасқа дейін – 106,6 ұл бала, 10 жастан 14 жасқа дейін – 106,9 ұл бала, 15 жастан 19 жасқа дейін – 107,1 ұл бала. Жастар арасында 20 жастан 24 жасқа дейінгі топта 100 қызға шаққанда 106,7 ер адам келді, 25 жастан 29 жасқа дейін – 106,2 ер адам.

Жас ұлғайған сайын ерлер санының әйелдерге қарағанда саны азая түсетіні байқалады. Мысалы, 2021 жылы 50 жастан 54 жасқа дейінгі жас санатында 100 әйелге шаққанда 99,8 ер адам, 60 жастан 64 жасқа дейін – 95,4 ер адам, 70 жастан 74 жасқа дейін – 86,1 ер адам, 80 жастан 84 жасқа дейін – 70,4 ер адам келді.

Айтарлықтай айырмашылық кәрі адамдар арасында да байқалып отыр. Мәселен, 2021 жылы 85 пен 89 жас аралығындағы егде жастағы адамдар санатында 100 әйелге шаққанда 60,7 ер адам, 90 мен 94 жас аралығында – 48,7 ер адам, 95 пен 99 жас аралығында – 36,7 ер адам, 100 жастан асқанда – 27,8 ер адам.

Көп мемлекетте 100 жаңа туған қыз балаға шаққанда шамамен 105 ұл бала келеді.

Кейбір елдерде дүниеге келгендердің жыныс бойынша арақатынасында айқын теңгерімсіздік бар. Оны биологиялық айырмашылықтармен ғана түсіндіруге келмейді. Осындай теңгерімсіздік байқалатын елдерге Әзербайжан, Қытай, Үндістан, Черногория, Оңтүстік Корея, Тайвань, Тунис және т.б. елдер жатады.

Оның негізгі себептерінің бірі – селективті түсік тастау. Шығыс және Оңтүстік Азия елдерінде, сондай-ақ Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың кейбір мемлекетінде ұл балаға артықшылық беру жағдайлары жиі кездеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу