Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы өсті

2099

Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне 19 азық-түлік өнімі кіреді. 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы өсті

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, биылғы жылдың басынан бері инфляция деңгейі 5-7% аралығында сақталып отыр. Қыркүйек айында инфляция 0,4%-ды құраса, жыл басынан бері 3,3% болды. Жылдық инфляция 6,1%-дық көрсеткішті көрсетті. 

"Өңірлер тұрғысынан алғанда бірқатар өңірлерде баға орташа республикалық деңгейден асып түскен. Бұл жағдай Маңғыстау, Атырау, Павлодар облыстары мен Астана, Шымкент, Алматы қалаларында байқалады. Артық көрсеткіш 0,1–0,8 аралығында болып отыр", — деді ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов үкімет отырысында.

Оның айтуынша, бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне (ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы мен сары май, сиыр және тауық еті, сүт, айран, жұмыртқа, тұз, сүзбе) 19 азық-түлік өнімі кіреді. Биылғы жылдың 9 айында осы тауарлардың бағасы 0,7%-ға өскен.

"Бағаларды талдау кезінде Астана, Қарағанды, Орал және Өскемен қалаларында 4 тауар бойынша, Павлодар және Шымкент қалаларында 3 тауар, Ақтау, Атырау, Қостанай, Петропавл, Тараз, Ақтөбе, Қызылорда және Талдықорған қалаларында 2 тауар, ал Көкшетауда 1 өнім бойынша шектеулі бағалардың 15%-ға дейін асқаны анықталды. Шектеулі баға деңгейін асырмаған – тек Алматы қаласы", — деді Руслан Дәленов.

Осылайша, ұлттық экономика бірінші вице-министрінің айтуынша, мұндай жағдайларда сауда қызметі саласындағы заңнама бірқатар шараларды қарастырады. Бұл — тұрақтандыру қорларының резервтерін пайдалану және шектік бағаны белгілеудегі сауда субъектілерімен өзара әрекеттесу.

"Жергілікті атқарушы органдар әкімдіктерде құрылған комиссиялардың жұмысын жандандыруға, сондай-ақ бағалардың одан әрі өсуіне жол бермеу мақсатында өңірлік кәсіпкерлер палатасымен үйлестіру жұмыстарын күшейтуі керек", — деді Руслан Дәленов.

Бұдан басқа, министрліктің деректері бойынша, қалған 3 айда белгіленген 5-7% аралығында инфляция деңгейін ұстап тұру үшін инфляцияның орташа айлық өсімі 1,2% -дан аспауға тиіс. Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар тиісті шараларды іске асырып, бағаны бақылауды жалғастыруы керек.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу