Алматы облысы орасан зор туристік әлеуетті тиімді іске асырудың үлгісі бола алады – Тоқаев

706

️Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында өңірдің туристік әлеуетіне тоқталды, деп жазады inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Алматы облысы орасан зор туристік әлеуетті тиімді іске асырудың үлгісі бола алады – Тоқаев Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы ұлттық байлықтың – шатқалдар, жағалау сызықтары мен су айдындары, ұлттық саябақтар мен қорықтардың заңсыз жекешелендірілуіне жол берілмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, Үкімет пен әкімдік мұндай фактілерге ерекше назар аударуы тиіс.

“Халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып, тауларымызда еліміздің киелі символы – қар барысының санын көбейтуге күш саламыз. Іле-Балқаш табиғи резерватында жолбарыстарды қайта жерсіндірудің бірегей жобасы іске қосылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ұлттық парктеріне келушілер саны 1,5 миллионға жеткені қуантады. Бұл рекордтық көрсеткіш", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Оның айтуынша, облыстың туристік әлеуетін арттыруға Таңбалы Тас шатқалында Tengri Ultra марафоны мен Қапшағай су қоймасында Oceanman ашық суда жүзу сайысы сияқты халықаралық жарыстарды өткізу ықпал етеді. Мемлекет басшысы Үкіметке Қапшағай су қоймасының мәртебесін елдің негізгі туристік нысандарының бірі ретінде белгілеу қажеттігін атап өтті.

“Туризм аймақтағы ауыл шаруашылығының тұрақты өсуіне де ықпал етуі мүмкін. Қазақстан сияқты теңізге шығу мүмкіндігі жоқ Австрия елі тау шаңғысымен қатар шарап туризмін табысты ілгерілетіп отыр. Осылайша жүзім шаруашылығына және аграрлық секторға көмектесіп отыр. Бұл біз үшін жақсы үлгі. Жалпы Алматы облысы бүкіл Қазақстан үшін орасан зор туристік әлеуетті тиімді іске асырудың үлгісі бола алады және болуға тиіс", – деді ол.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу