Алматы облысында жыл сайын 1,2 миллион тонна тұрмыстық қалдық жиналады

1709

Алматы облысында жыл сайын 1,2 миллион тонна тұрмыстық қалдық жиналады

Алматы облысында жыл сайын 1,2 миллион тонна қалдық жиналады. Соның 640 мың тоннасы Алматы қаласының, қалғаны елді мекендердің еншісінде. Өкінішке қарай, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу 2% ғана.

Енді жетісулықтар қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару ісінде Астана қаласының тәжірибесін қолданып, өңдеу барысын швейцариялық әдісіпен шешпек, деп хабарлайды abctv.kz.

Бұл туралы Қазақстан республикасы энергетика министрлігі, Астана қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері, "Оператор РОП" ЖШС және Қазақстанның экологиялық ұйымдары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

"Жетісу өңірі халқының саны 2 миллионға жетіп үлгерді. Оған қоса, аймақ үлкен мегаполис саналатын Алматы қаласымен іргелес орналасқан. Сондықтан қалдықтарды жинау, сұрыптау, тасымалдау, өңдеу ісін жолға қою – біз үшін аса қажет шара. Біз "Алматы облысында қалдықтарды басқарудың аймақтық жүйесінің" ТЭН-ін əзірлеп қойғанбыз", – дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Аймақтық жобада мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін қолдану арқылы 14 аймақтық кешеннің бірыңғай операторын құру қарастырылған. Соның аясында 16 қоқыс сұрыптау кешені, 13 қоқыс тиеу стансасы, 16 полигон, 3 қоқыс өңдеу зауыты құрылыстары жүзеге асырылуы тиіс. Нәтижесінде 500 жұмыс орны құрылып, 2025 жылға қарай тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтар шығаруды ұйымдастырумен 100 пайыз қамтылады деп жоспарланып отыр.

"Бұл қалдық жоюды арттырып, полигондар санын азайтуға ықпал ететін болады. Бұны өңірдегі қалдықтарды жою жөніндегі бірлескен пилоттық жоба ретінде қарастыруды ұсынамын жəне қол жеткізген нәтижеге сәйкес жобаны еліміз бойынша таратуға болады деп есептеймін", – дейді облыс басшысы.

"Оператор РОП" ЖШС бас директоры Светлана Коротенконың айтуынша, алдағы уақытта тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруды жүзеге асыратын көлік құралдарының қозғалысын спутниктік навигациялық жүйелердің мәліметі бойынша бақылап отырудың ақпараттық жүйесін ұйымдастыру және жүргізу қолға алынбақ. Оған қоса, тараптар алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту шеңберіндегі келісімдерді қарастыратын болады.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ісі де өзекті. Ол туралы біздің елде қалыптасқан тәжірибе жоқ. Сондықтан Алматы облысы Швейцарияның Тичино өңірімен ынтымақтастық туралы меморандум жасауға ниетті.

"Швейцарияның Тичино өңірінің табиғи, ауыл шаруашылық жағдайы Жетісу өңірімен ұқсас келеді. Олар тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу саласында әлемде көш бастап тұр. Ал облыста тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеудің толық кезеңі құрылмаған. Сондықтан осы салада олардың тәжірибесін үйренуге мұқтажбыз", – дейді облыс әкімі.

Тичино кантоны мемлекеттік кеңесі, экономика және қаржы министрі Кристиан Витта Алматы облысымен байланыс орнату Швейцария үшін маңызы зор екенін жеткізді.

"Тичино – туристік өңір. Келесі айда Швейцарияның Тичино кантонынан Алматы облысына экономикалық делегация барады. Олар қазақстандық тараппен байланыс орнатылатын салаларды саралап, атқарылатын шаруаларды ақылдасамыз", – деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу